Биыл күзде Астанада 13 мыңнан аса жаңа көшет отырғызылды
Тағы бір кезекті экологиялық айлық аяқталды. Акцияның толық кезеңінде 3522,78 тонна қалдық полигонға көму үшін жиналып, шығарылды, 13 мыңнан аса ағаш көшеті отырғызылды және 8880 тал-шілік отырғызылды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Астана қаласында санитарлық тазалау, абаттандыру мен көгалдандыру бойынша 2018 жылғы 10 қыркүйек пен 10 қазан аралығында өткен экологиялық айлықта және 22 қыркүйекте өткен жалпықалалық сенбілікте 118 мыңнан астам азамат, сонымен бірге 4 180 кәсіпорын, ұйымдар мен мекемелер қатысты. Мамандандырылған техниканың 506 бірліктен астамы іске қосылды.
«Өткізілген айлықтың шеңберінде 13 307 ағаш көшеті (қызыл тал, татар үйеңкісі, қарағай, қайың, емен, пирамидалық терек, шетен, шаған, сағызқарағай, шефердия, шегіршін, қарақат, алма ағашы) және 8880 тал-шілік отырғызылды. Айлықтың толық кезеңінде 3522,78 тонна қалдық полигонға көму үшін жиналып, шығарылды және 751 сапар жасалынды», — деді Астана қалалық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Мұса Танабаев.
Сондай-ақ біздің елорда халықаралық әлеуметтік-экологиялық «Дүниежүзілік тазалық күні» акциясына қосылды. Соның барысында 3,3 тонна қайталама шикізаттарды жинап, өңдеуге тапсырылды.
«Орта және шағын бизнестің қызметкерлерімен кіреберіс және ұштасқан аумақтар жинастырылды. Коммуналдық қызметтер мен мердігерлік ұйымдар ішкі орамды абаттандыруда, жол төсемі мен жаяу жүргінші өтпежолдарының бүлінген (шұңқырлы) аймақтарында ағымдық жөндеу бойынша жұмыстары және рұқсаты жоқ қоқыс үйінділерді жою жұмыстары жүргізілді», — деп түйіндеді спикер.
1 пікір