«ЕҚЫҰ-ның Қазақстан Республикасындағы 20 жылы: ынтымақтастық және жетістіктер» халықаралық конференциясы өтті

Халықаралық конференцияны ұйымдастыру бұл – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасы мен Елбасы Қоры және Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің қолдауымен ЕҚЫҰ-ның Астанадағы офисінің бірлескен бастамасы.


Іс-шараның ашылуында Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаевтың құттықтау сөзін оқып берді:


– ЕҚЫҰ-ға төрағалық Қазақстанның аймақтық және халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі үлесін ұлғайтуға және тереңдетуге, сондай-ақ сенім, сабақтастық, ашықтық және толеранттылық қағидаттарына негізделген Ұйымдағы басшылыққа біздің жауапты көзқарасымызды көрсетуге мүмкіндік берді. Біз әлемдік тәртіптің геосаяси трансформациялану жағдайында әріптестігіміздің ресурстық әлеуетін ашуға, ЕҚЫҰ-ның тиімділігін арттыруға және Ұйымның жаңа сын-тегеуріндерге бейімделуіне ықпал ететін ынтымақтастық форматымызды жалғастыруымыз қажет. Қатысушылардың бірегей құрамы мен қауіпсіздік және өзара әрекеттесу мәселелері бойынша мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықтың тетіктері мен тәжірибесі бар ЕҚЫҰ-ға жаңа қауіпсіздік архитектурасының негізгі элементтерінің бірі болып қала беруіне тілектеспін.


Құрметті қонақ ЕҚЫҰ Бас хатшысы Томас Гремингер Қазақстан Республикасы мен ЕҚЫҰ-ның екіжақты ынтымақтастығының негізгі бағыттары туралы айта келіп былай деді.


«Мен үшін 2010 жыл Қазақстанмен ынтымақтастық орнатуда маңызды жыл болды, әсіресе Қазақстанның қазіргі Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахмановпен серіктестігіміз ерекше. Содан бері Қазақстан мен ЕҚЫҰ сенімді серіктеске айналды. Қазақстанның ЕҚЫҰ-ғы төрағалығы өте жемісті болғанын атап өткім келеді. Мен ЕҚЫҰ елдерінде Қазақстанның бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайтуға қосқан үлесін жоғары бағалаймын».


Конференция аясында «Қазақстан және ЕҚЫҰ» атты көрме ұсынылды. Көрмеде Елбасы кітапханасының музейлік, архивтік жәдігерлері мен кітаптар жинағының негізінде ЕҚЫҰ құрамындағы Қазақстан тарихындағы ерекше есте қаларлық және маңызды оқиғалар ұсынылды.


Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше