Елордада «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме байқауы өтіп жатыр

Астанадағы «Көрме» орталығында өтіп жатқан «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме байқауы аясында елорда тұрғындары мен қонақтар отандық тауарларды өндірушілер бағасымен сатып ала алады, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.


Биылғы көрмеге 153 қазақстандық өндіруші өз тауарын алып келді. Олардың барлығы аймақтық байқаулардың жеңімпаздары. Конкурс алдымен аймақтарда өткізілген, ал Республикалық көрме байқауға әр аймақтан үш аталым бойынша жеңімпаз атанған тоғыз тауар өндіруші қатысып отыр.


«Биылғы аймақтық байқауға 1163 компания қатысты. Бұл біз ойлағаннан да жоғары, тіпті рекордтық көрсеткіш. Осыған дейін ұйымдастырылған көрмеге әрі кетсе сегіз жүз кәсіпорын қатысатын. Бұл көрсеткіш елімізде кәсіпкерлер санының артқанының бірден бір көрсеткіші. 2015 жылдан бастап аталмыш көрмені Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ұйымдастыруда. Ұлттық палата отандық тауарлардың сапасы жоғары болуын, өндірушілердің бәсекеге қабілетті болуын көздейді», — деді «Атамекен» ҰКП өкілі, «Алтын сапа» байқауының эксперті Мадина Мұқатова.


Биылғы конкурс үш номинация бойынша өткізіліп отыр: «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар»; «Халыққа арналған үздік тауарлар» және «Үздік азық-түлік тауарлары».


Көрмеге Астана қаласы атынан қатысып жатқан компаниялар да бар. Солардың бірі тоқыма жеңіл өнеркәсібімен айналысатын «ASTANA Ютария ltd» ЖШС.


«Біздің компания негізі 2002 жылы құрылған, ал Астанада 2013 жылдан бастап жұмыс істейді. Жеңіл өнеркәсіп бағыты арнайы киімдер, әскери киімдер шығарамыз және тағы бір бағытымыз қыз-келіншектерге арналған тоқыма киімдер, төсек-орындар, үйге арналған заттар, балалар киімдерін шығарамыз.  Тауарларымыздың сапасы өте жоғары, мысалы, балаларға аралған киімдер жүз пайыз мақтадан жасалады. Қыз-келіншектерге арналған киімдерге 22-30 пайыз акрил, фискоза қосамыз. Шағын фабрикамыз «Астана – жаңа қала» арнайы экономикалық аймағында орналасқан Индустриалдық паркте»,  — дейді фабрика өкілі Жанар Дулатқызы.


Сондай-ақ, көрмеге келушілер азық-түлік тауарларының дәмін татып көруіне, өнімдерді тауар өндірушілердің бағасымен сатып алуына болады. Сонымен қатар қонақтар отандық өндірушілердің ұсынған киім үлгілері таныстырылымын тамашалай алады. Шара аясында тауар өндірушілерге арнайы шеберлік сабақтары, іскерлік кездесулер өткізіледі.


Көрме Астана қаласындағы «Көрме» орталығында Достық к. 3 өтіп жатыр.

Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше