Астаналық Қазақстан халқы ассамблеясы Президент Жолдауын талқылады

11 қазанда Астана қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясының Бірлік күні күн аясында дөңгелек үстел отырысын өткізді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.


Күн тәртібінде — Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауын талқылады.
Достық үйіне қоғамдық келісім кеңесі мен Аналар кеңесінің мүшелері, Астана қаласы ҚХА ғылыми-сарапшылық тобының, қалалық этномәдени бірлестіктердің өкілдері мен мемлекеттік орган қызметкерлері жиналып, маңызды істі бірлесіп талқылады. Шығып сөйлеушілер бірауыздан Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаевтың Жолдауы әрбір қазақстандықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталғанын атап өтті.


Жиында сөз алған Астана қаласы қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Ә. Әлпейісовтің мәлімдеуінше, Мемлекет басшысының Жолдауда маңыз берген келер жылдың Жастар жылы деп аталуы тарихи әрі стратегиялық маңызы бар шешім екеніне тоқталды. «2019 жылы нақты істерге бағытталған жобалар мен жұмыстар қолға алынатын болады. Бұл жарқын істер өз кезегінде тиімділігін көрсететіні айқын», — деді сөз орайында Ә. Әлпейісов.


Дөңгелек үстел барысында Астана қаласы Қазақстан халқы ассамблеясы ғылыми-сарапшылық тобының мүшелері Т. Кошман, О. Әлиев, Х. Маслов және Аналар кеңесінің төрағасы Я. Низамутдинова де өз пікірлерін білдірді. Олардың Елбасының Жолдауына қатысты білдірген пікірлері ортақ бағытта өрбіп, оны тиімді жүзеге асыруға уағдаласты.
Мемлекет басшысы Жолдауында алға қойған мақсаттарға қол жеткізу қоғамдағы әлеуметтік үйлесімділікті сақтау арқылы мүмкін болатынын мәлімдеді. «Әрбір қазақстандық Отанды гүлдендіруге бағытталған реформа маңызын жете түсінуі тиіс. Қазір оны табысты жүзеге асыру үшін баршамыздың бірігуіміз аса маңызды болып отыр», — деп атап көрсетілген Жолдауда.


Қазақстан халқы ассамблеясының баршаны ортақ іске біріктіру мақсатындағы қызметін бағаламау орынсыз болар еді, өйткені оның жүйелі қызметі қоғамдық келісім мен тұрақтылықты нығайтуға бағытталған.


Жалпы Астана қаласы Қазақстан халқы ассамблеясының хатшылығы әрбір қазақстандықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған Жолдауға бірауыздан қолдау білдіреді. Ол бойынша алдағы жұмыстар мен міндеттер нақтыланды.


Ол өз кезегінде этностар ынтымағын арттырып, халықты бірлікке үндейді.


Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше