Астаналық 10 педагог пен тәрбиелеуші пәтер кілтін алды

«Қазақстан» Орталық концерт залында ұстаздар күніне арналған «Қалдырған ізің мәңгілік» атты үлкен концерт болып өтті, деп хабарлайды астана әкімдігінің ресми сайты.


Салтанатты кеште астаналық ұстаздар мен қаладағы білім беру мекемелерінің тәрбиешілеріне құрмет көрсетілді. Астана әкімінің орынбасары орта және мектепке дейінгі білім беру мекемесінің 10 өкіліне пәтер кілтін табыс етті. Олардың арасында — № 1 «Бәйтерек» балабақшасының тәрбиешісі Набира Абдрахманова, № 45 «Құлпынай» балабақшасының тәрбиешісі Айгүл Ахмедьярова,  № 54 «Нұр-ай» бақшасының әкімшісі Шұға Ахметова, № 74 «Дәурен» балабақшаның меңгерушісі Гаухар Мейрманова, № 13 орта мектептің қазақ тілі және әдебиетінің мұғалімі Гүлнәзия Түсекова, № 29 орта мектептің информатика мұғалімі Еркін Хамитов, № 49 орта мектептің биология пәнінің оқытушысы Бақытгүл Лекерова, № 68 орта мектептің математика мұғалімі Жадыра Дайрабай, Энергетика және байланыс колледжінің арнайы дисциплина оқытушысы Айжан Раисова және № 2 психология-педагогикалық коррекция кабинетінің меңгерушісі Гүлнәр Әбелдинова бар.    


«Астана әкімдігінің және әкім Бақыт Тұрлыханұлының атынан сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен құттықтай отырып, зор денсаулық пен бақыт тілейміз. Жалпы, жеткен жетістігіміз өте көп, өздеріңіз білетіндей елімізде іске асырылып жатқан  көптеген серпілісті бағдарламалар мен жобаларды өзіміздің оқушылар жасап жатыр. Осымен 12-ші жыл қатарынан түрлі олимпиадалар бойынша бірінші орынды өзге аймақтарға бермей келе жатырмыз, 300-ге жуық оқушымыз осы жылы Алтын белгі алды, одан басқа кейбір мектептің 94 пайызға дейін түлектері жоғары оқу орындарына түсті. Бұл дегенің сіздердің сапалы білім беріп жатқан еңбектеріңізді білдіреді», — деді әкімнің орынбасары Ермек Аманшаев.  


Сондай-ақ ҚР Білім министрлігі атынан ұстаздар 11 төсбелгі алды, оның 5-і – Ыбырай Алтынсарин медалі.


«Бүгін мен үшін пәтер кілтін алу күтпеген жағдай болды. Қуанышымда шек жоқ, сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Ары қарай еңбектеніп, бұдан да биік шыңдарды бағындыра бермекпіз», — деді пәтер кілтінің иегері Айгүл Ахмедьярова.


Салтанатты марапаттау кешінен кейін кеш қонақтарын мерекелік бағдарламамен қуантты. Ұстаздар қауымын Маржан Арапбаева, Дильнура Біржанова, Қайрат Баекенов, Айгүл Иманбаева және басқа да қазақстандық эстрада жұлдыздары құттықтады. Концертті сахнаға шыққан астаналық ұйымның шығармашылық ұжымы аяқтады.  


Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше