Астанада ерекше балаларға арналған алғашқы инклюзивті алаң ашылды


«Kunshyaq» инклюзивті платформасы әкімдіктің және «Ротари-клуб Астана» қоғамдық бірлестігінің бастамасымен құрылды.


29 қыркүйекте астанада мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған ойын алаңы ашылды. Ол «Қазақстан» спорт кешені ғимаратының алдындағы алаңда орналасқан, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.


Жоба үшін арнайы 1382 шаршы метр алаң аумағы бөлінді. Алаңда 42 түрлі құрал-жабдық бар. Мұнда арба-орындығымен  бірге шыға алатын мүмкіндігі бар ойын кешендері, қауіпсіз әткеншектер, лайықталған құм-орындықтар, арнайы тактильді панельдер орнатылған.


Алаңның салтанатты ашылуына астана әкімдігінің өкілдері, «Ротари-клуб Астана» қоғамдық бірлестігінің президенті Ләззат Алшынова, АҚШ және Норвегия елшілігінің өкілі, «Қасиетті жол» қайырымдылық қорының және ДЦП балаларды оңалтудағы мамандандырылған орталықтың  президенті Гүлмира Әбелдинова қатысты.


 «Астана қаласы әкімдігінің атынан осы алаңның ашылуына қатысқандардың барлығына алғысымды айтқым келеді. Алаң өте ыңғайлы және қала үшін өте қажет орын. Мұндай жобалар қалада әлі де көбейе түспек. Қалада тек қауіпсіздікті ғана қамтамасыз ететін емес, біздің барлық тұрғындар үшін де арнайы бағдарламалар бар. Бұл жоба көзге айтарлықтай түседі деп ойлаймын. Біздің балаларымызды әкімдік дайындап отырған тағы бір сыйлық күтіп тұрғанын хабарлай кеткім келеді», — Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев.


Қазақстандағы зерттеулерге қарасақ, мүмкіндігі шектеулі балалар өзінің қатарластарынан медициналық көрсеткіш бойынша емес, әлеуметтік жағынан кенже қалып қойған, яғни белсенді түрде айналысу, қарым-қатынас және қозғалыс ойындары жоқ. Демек, инклюзивті ойын алаңын құру – ерекше күтімдегі балалардың игілігі үшін жасалған кезекті қадам.


«Кәдімгі алаңдарда арбаға таңылған балалар әткеншек пен сырғанақ ойындарын пайдалана алмайды. Ойнағысы келеді, бірақ мүмкіндігі шектеулі. Ал мұндағы әткеншекке арбасымен отырып, өздігінен тербеле алады. Барлығы тамаша жасалған. Барлық балалар үшін осындай жобалар ашылып, бүлдіршіндер әрдайым қуанып жүрсе екен. Себебі, ең бастысы – баланың бал күлкісі», — дейді ерекше баланың әжесі Дария Рахимова.


Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше