Алматыда «Ақ тілекпен Астана» көрмесі өтуде

Алматыдағы Республика сарайында Астананың 20 жылдығына арналған көркемсурет және фотоөнер туындыларының көрмесі ашылды. «Ақ тілекпен Астана» экспозициясы Астана күндері мен Қазақстанның барлық өңірлерінде өткізілген турне аясында ұйымдастырылды, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.


Алматы тұрғындары мен қонақтары көрмеде Тәуелсіздік сарайы қорындағы қазақстандық суретшілердің 100-ге жуық еңбегін тамашалады. Көрмеге А.Ақанаев, Е.Айтуаров, Р. Құлбатыров, А. Смағұлова, М. Бекеев, К. Қаржасов, Р. Слекенов, А. Қазығұлов, К. Базарғалиев, А. Сыдыханов, Ж. Мүсәпір, Н. Бубэ, З. Қожамқұлов, Б. Бурдесбеков, А. Құлбай, А. Есдәулетов, Е. Сидоркин, К. Каметов, Е. Оспанұлы, К. Муллашев, М. Байбосынова, У. Тілеулиева сынды 50-ден астам суретшінің және мүсіншілер Т. Ермеков пен С. Смағұловтың уақыт өте келе заманның қалай өзгергенін көрсететін еңбектері қойылды.


Бұдан басқа, фотоөнер сүйер қауым түрлі мемлекеттердің фотографтары Астананың 20 жылдығына тарту еткен жұмыстарды көре алады. Бұл фотокартиналар «Astana Around Us» фестивалі аясында елордада «Нұржол» желекжолында көпшілік назарына ұсынылған болатын. Еске салайық, «Astana Around Us» фестиваліне Яман Ибрахим (Малайзия), Раринда Пракарса (Индонезия), Даниэль Чон (Франция), Арслан Мухаммед Билял (Түркия), Андрей Пугач (Беларусь), Сергей Федоров (Өзбекстан), Виктор Магдеев (Қазақстан), Тұрар Қазанғапов (Қазақстан), Игорь Югай (Қазақстан) қатысты.


«Ақ тілекпен Астана» көрмесінің мақсаты қоғам назарын Қазақстанның елордасының бірегей сәулетіне және ерекшелігіне аударту, мәдениетті қалыптастыру және өнерді дамыту.



Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше