Оқушыларға қоғамдық көліктерде жол жүру ақысын қолма-қол 40 теңгеден төлеу 15 қыркүйекке дейін ұзартылды

Астана жаңалықтары: Оқушыларға қоғамдық көліктерде жол жүру ақысын қолма-қол 40 теңгеден төлеу 15 қыркүйекке дейін ұзартылды

Оқушыларға қоғамдық көліктерде жол жүру ақысын қолма-қол 40 теңгеден төлеу 15 қыркүйекке дейін ұзартылды, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.

Мұндай шешім барлық оқушылар жеке көлік картасын алып үлгермеуіне байланысты ата-аналардың өтініштері бойынша жасалды.

Мектеп оқушылары үшін жол ақысын жеке көлік картасымен немесе қолма-қол ақшалай төлесе де 15 қыркүйекке дейін қалалық маршруттарда 40 теңге ал экспресс-маршруттарда 90 теңгеден болатынын Астана қаласының көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы растады.

Оқушылар үшін қоғамдық көліктерде жүру қыркүйек айының екінші жартысынан бастап басқаша тәртіппен жүргізіледі. Яғни жол жүру құны 7 мен 15 жас аралығындағы балалар үшін әдеттегі қалалық маршруттарда қолма-қол ақшамен 90 теңге, көлік картасымен 40 теңге, экспресс-маршруттарда көлік картасымен 90 теңге, ал қолма-қол ақшамен 125 теңге болады.

Айта кету керек, 7 жастан 15 жасқа дейінгі балалар атаулы мектеп көлік картасын алуға құқылы. Оқушы көлік картасын өзі оқитын оқу орнынан ала алады. Картаның бастапқы шығарылымы тегін. Егер мектеп картасын жоғалтқан жағдайда қайта шығару — 400 теңге.

Мектеп көлік картасы нақты бір оқушыға беріледі және үшінші тұлға пайдалана алмайды.

Сонымен қатар, ата-аналар мектеп көлік картасын өздері ала алады. Бұл үшін Қажымұқан көшесі, 14 мекен-жайында орналасқан Орталық кассаға бару қажет. Ата-ана қолында баланың туу туралы куәлігі, бала оқитын оқу орнынан анықтама, баланың 3*4 фотосы (баланың өзі болмаған жағдайда) болуы қажет. Тегін мектеп көлік картасын алуға арналған анықтама елорданың барлық білім ұйымдарында 15 тамыздан бастап берілуде. Анықтама болмаған жағдайда оқушы картасының бағасы 400 теңге тұрады.

Сондай-ақ, жеке мектеп көлік картасын қала маңында тұратын оқушылар да ата-аналарымен бірге барып арнайы кассалардан 400 теңгеге сатып алуларына болады.

Астана қаласының әкімдігі ата-аналарды осы жылдың 15-ші қыркүйегіне дейін баланың жеке көлік картасын алуға шақырады.
Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше