Астана қаласының 20 жылдығына Ақтөбе облысы «Бейбітшілік қабырғасы» монументін сыйға тартты
Елордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен «Бейбітшілік қабырғасы» монументінің салтанатты ашылуы болып өтті. Монументті Астана қаласының 20 жылдығы құрметіне орай, Ақтөбе облысы сыйға тартты, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.
«Бейбітшілік қабырғасы» монументі Тәуелсіздік алаңының көрнекті тұсына, «Қазақ елі» монументіне жақын жерде орналасқан.
Жоба негізіне Президенттің «Әлем. ХХІ ғасыр» антиядролық манифестінің идеясы енгізілген, сондықтан нысан дәл 29 тамыз — халықаралық ядролық сынақтарға қарсы әрекет күнінде ашылып отыр. Осыдан тура 27 жыл бұрын Президент Жарлығымен Семей ядролық сынақ алаңы жабылған болатын. Бұл — әлемдегі ең ірі ядролық қаруы бар елдің бірінің одан бас тарту процесінің басталуы еді.
Нұрсұлтан Назарбаев, қала тұрғындарын және қазақстандықтарды ерекше монументтің ашылуымен құттықтады.
«Біз бүгін Ядролық қаруға қарсы күнді атап өтуге жиналдық. Әлемнің барлық елдері, Үкіметтері, адамзат баласы ядролық қаруға қарсылық танытуы керек. Қазақстан бұл бастаманын басында. Бізді осы бағытта бастамашыл ел ретінде мойындайды. Сол себепті де ядролық қаруға қарсы күн ретінде Біріккен Ұлттар Ұйымында қабылданды. Дәл осы күні біз ядролық қаруға қарсылығымызды білдіретін монумент ашып отырмыз. Астанамызға келушілер осында келіп барлық тілде «Бейбітшілік» сөзін оқитын болады. Бұл жерде біздің ядролық қаруға қарсылығымыз, онымен күресіміз жазылған. Біз тек ядролық сынақ алаңдарын жауып қана қоймадық, біз қолымызда бар ядролық қарудан өз еркімізбен бас тарттық. Осы ісімізбен әлемге үлгі көрсетудеміз. Ақтөбе облысының халқына Астанаға осындай сый тартқаны үшін алғысымды білдіремін. Бұл жастарға әлемді сақтауға үндеу болмақ. Негізінен жастарға, жас ұрпаққа біз үлгі көрсетудеміз, олар әрқашан ел тарихына құрметпен қарауы тиіс. Мен барлықтарыңызды осы монументтің ашылуымен құттықтаймын және Конституция күні құтты болсын! Барлықтарыңызға мықты денсаулық, бақыт және жетістік тілеймін», — деді Президент.
Сәулетшілер атап өткендей, қабырға біртұтас біріктіріп, қорғап тұратын жапырақ тәріздес шатырды бейнелейді. Яғни, дәстүрлі түрік құрылтайының өнегесімен ұлттарды ұйыстырып, оларды бір шаңырақтың астына жинайды.
Металл мен табиғи тастан тұрғызылған кешен үш бөліктен тұрады. Бірінші бөлігі — бөлшектеу мен оқшаулауды, екінші бөлігі — үміт, еркіндік пен тәуелсіздікті, үшіншісі бейбітшілік пен ұлтаралық келісімді сақтау жолын бейнелейді. Монументтің жалпы ұзындығы — 111 метр, ені — 18,4 метр, биіктігі — 17,5 метр.
«Бейбітшілік қабырғасының» тұрқы төзімді әрі берік темірден жасалған. Монументті тұрғызуға жалпы аумағы 6 мың текше метр болатын 1200 тонна гранит пайдаланылды. Мемориалда әлемнің 51 тілінде «Бейбітшілік» деген сөз жазылған.
Авторлар жобаның көрнекті мазмұнға ғана емес, оның функционалдығына да жіті мән берген. Аспалы шатырдың ашық панельдері 2,5 миллион жарық нүктесі бар 616 текше метрді алып жатқан LED-жүйеге ие. Ол кез келген үлкен көлемдегі сандық дүниені таратуға мүмкіндік береді. Экранға шығару еуропалық өнім өндірушілердің ең соңғы үлгідегі видео, аудио және коммутациялық жабдықтар орнатылған серверлік бөлмелерде жүзеге асырылады. Сол себепті бұл таңғажайып арт-нысан — саяси, мәдени-бұқаралық, ақпараттық шараларды, лазерлік және басқа шоуларды өткізетін тамаша орынға айналмақ.
Құны 1,8 миллиард теңге тұратын «Бейбітшілік қабырғасы» Ақтөбе облысы аумағында жұмыс істейтін компаниялар мен кәсіпкерлердің қаржысына салынғанын айта кеткен жөн.
Салтанатты шараға дипломатиялық миссиялардың жетекшілері, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері, Парламент депутаттары, зиялы қауым өкілдері, Ақтөбе облысының делегациясы, сонымен бірге Астанада өтіп жатқан халықаралық Келісімшарт Ұйымының өкілдері қатысты.
Пікір жоқ әзірше