Исекешев: валидатордың тұрақты жұмыс істеп тұруын қамтамасыз ете алмасаңыздар, адамдарды тегін тасымалдаңыздар
Жаңа оқу жылы қарсаңында Астана қаласы әкімдігінде елорда әкімі Әсет Исекешевтің төрағалығымен қоғамдық көліктің мәселесі бүге-шігесіне дейін қаралды, деп хабарлайды астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.
Жиынды ашқан әкім бірден осы жұмысқа жетекшілік жасап отырған әкімнің орынбасарын, транспорт және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасының басшысын, «Астана LRT» ЖШС мен астаналық автобус парктерін қатты сынға алумен бастады. Ол сондай-ақ әлеуметтік желі мен «iKomek» жедел әрекет ету орталығы арқылы үнемі тұрғындардың реакциясын бақылап отыратынын да айта кетті.
«Барлық даулы мәселені оқу жылы басталмай тұрып шешу керек еді. Жұмыс істемей тұрған валидаторларға бола адамдарға автобус күттіріп қою сылтау емес», — деді Әсет Исекешев.
Оның айтуынша, қоғамдық көліктің жұмысын субсидиялауға мемлекет қажетті қаражат көлемін бөлген. Линиядағы автобустардың шығуын 90-95% пайыз қамти алмайтын автопарктер мен астаналық жолаушылардың жайлылығы мен қауіпсіздік сервисін қамтамасыз ете алмағандарды келісімшарттан айырып, орнын басқа автопарктер алмастырады.
Әкім барлық валидаторлардың жұмысын ретке келтіруге тапсырма берді, олай болмаған жағдайда маршруттағы транспорт бірліктерінің санын қысқартпастан барлық жолаушылардың тегін жүруін қамтамасыз етуін тапсырды.
«Валидаторлардың тұрақты жұмыс істеп тұруын қамтамасыз ете алмайсыздар ма, онда адамдарды тегін тасымалдаңыздар», — деп мәлімдеді Исекешев.
Бұдан басқа, әкім автобус қозғалысын бақылап отыратын GPS-мониторингтің жұмыс істемейтінін және оның жолаушыларға айтарлықтай қолайсыздық туғызатынын айтты. Электронды таблоның айырмашылығы 3-5 минуттан аспауы тиіс.
Жиын барысында картаны толтырудың ұзақ уақыт алатынын яғни 36 сағат кететіні де сөз болды.
«Картаны толтыруға кететін уақыт 3 сағаттан артық болмауы тиіс, сол үшін іс жүзінде оны бірнеше минуттың ішінде болатындай етуі керек. Жүргізушілер валидаторды қайтадан жүктеп, төлемді ертерек түсетін етуі қажет» — деп тапсырды әкім.
Ол сондай-ақ «Астана LRT» ЖШС-не тамыздың аяғына дейін жолақыны төлеудің қосымша мүмкіндіктерін қарастыруды, жолаушыларға QR-код, смартфон және интернет-банкинг арқылы төлеуге мүмкіндік беруді тапсырды.
Бұдан басқа, жиында әкім қазіргі проблемалар туралы және оның шешу жолдары туралы ұсыныстар айтқан астаналық автопарктердің басшыларын да тыңдап шықты.
Автопарк өкілдері электронды төлем жүйесін енгізу айналымды 30% дейін ұлғайтқанын және бұл қаржының қызмет көрсету сапасын жақсартуға бағытталатынын, оның ішінде жоғары білікті жүргізушілердің санын көбейтетінін айтты.
Электронды төлем жүйесін енгізгеннен кейін жүргізушілердің жетіспеушілік мәселесін, жүргізушілердің қолдарына алатын жалақысын 300-400 мың теңгеге дейін көтеру әдісімен шешті.
Автопарк басшылары билетсіз жүрушілердің көбейгенін байқап, осыған байланысты астана әкімдігімен бірлесіп әрекет етуді және осы проблеманы шешу үшін транспорт инспекциясы мен ЖПҚ қосуды өтінді.
Жиын қорытындысы бойынша әкім барлық өкілетті органдарға айтылған мәселелердің бәрін 1 қыркүйекке дейін шешіп, қала маршруттарының қамтамасыз ету деңгейін 90-95% пайызға дейін жеткізуді тапсырды, олай болмаған жағдайда автопарктерді келісімшартынан айыратынын ескертті.
Пікір жоқ әзірше