Медбикелер «Назарбаев Университетінің» базасындағы медициналық мектептен сертификат алды

Астана жаңалықтары: Медбикелер «Назарбаев Университетінің» базасындағы медициналық мектептен сертификат алды

Қаладағы медицина ұйымдарының 15 медбикесі 7 аптаға созылған медбикелерді кәсіби дамытуды оқыту курсынан өтті. Біліктілікті жоғарылату курсынан өткендігі туралы сертификатты өз шәкірттеріне салтанатты түрде «Назарбаев Университеті» Медицина мектебінің дәріскері, бикелерді оқыту жөніндегі директоры Нэнси Стит табыс етті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Астаналық медбикелер курстан осы жылдың маусым айынан бастап Астана қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының патронажына қарасты кадрларының әлеуетін дамыту жоспарына сәйкес өтті. Медбикелерді кәсіби дамытуды оқыту курсының бағдарламасы 9 модулді қарастырды. Оның ішінде тестілеу де бар. Оқушылар білімі, тәжірибе жүзіндегі машығын бағалау және менеджмент стратегиясы бойынша сынақ тапсырды.

Олар жазбаша тапсырма, жазбаша сынақтан, кешенді бағдарлама бойынша қорытынды сынақтан (білімі мен практикалық машығы) өтті. Оқушылар мейірбикелер ісінің негізі саналатын анатомия, физиология, патофизиология, генетика, микробиология сияқты ғылыми принциптермен, медбике ісін жүргізудің әлемдік тәжірибесімен (АҚШ та бар) танысты. Сондай-ақ олар, медбикелер күн сайын тап болатын кәсіби этикалық проблемалар мен оны шешудің жолдарын қарастырды. Стационарда жатқан аурулар мен операциядан кейінгі аурулар, асқынған дертпен ауыратындарға күтім жасаудың негізгі әдісін үйреніп, өздерінің тәжірибе жүзіндегі машығы мен ғылыми түсініктемесін, пациенттерді қарау бойынша физикалық бақылауын жетілдірді.

Нэнси Ститтің айтуынша курс тек қана мейірбикелердің білімі мен машығын жетілдіруге септігін тигізіп қана қоймай, мансаптық тұрғыда өсуіне де мүмкіндік береді.

«Бұл – өндірістен тыс «Назарбаев университеті» медицина мектебі базасында курсты тәмамдаған медбикелердің алғашқы легі. 7 апта курстан өту деген аз уақыт емес. Курс кезінде Питсбург университетінің материалдары пайдаланылды. Ол медқызметкерлерге өзінің жан-жақтылығын, ой-өрісін кеңейтуге көмектеседі. Алған білімі мен тәжірибесінің арқасында мейірбикелер алдағы уақытта Қазақстанның медбике ісінің дамуына өз үлесін қоса алады. Осы курстан өткендерге «Назарбаев университетінің» медицина мектебінің екі жылдық бакалаврына түсу мүмкіндігі ұсынылады», — дейді Нэнси Стит.

Астанадағы жедел жәрдем станциясы реанимациялық бригадасының медбикесі Зәуреш Аулабаева бакалаврға түсуге шешім қабылдап та үлгеріпті. Оның айтуынша жедел жәрдем станциясының ұжымы оның алған білімі негізінде мекеме жұмысына өзгеріс енгізуді жоспарлап отыр.

«Біз көп нәрсені оқып үйрендік. Этикалық сұрақтан бастап, пациентке күтім жасау жөніндегі пайдалы ақпаратқа ие болдық. Оқытушылар бізге ұжымда араласу мәдениеті, араласу мәдениеті бойынша соңғы инновациялық тәсілдер жөнінде айтты. Алған білімімізді өз ұжымымызда ортаға салып, мекеме басшылығымен енгізілетін жаңашылдықтарға қатысты жоспар да құрып қойдық. Енді алған білімімізді жұмысымызда қалай қолданып, жұмысымызды қалай жаңғыртатынымызды ойластырып жатырмыз. Мәселен, этикалық кодекске түзету енгізуден бастадық. Осы курстың арқасында бұрынғымен салыстырғанда, сапалы көмек көрсетеміз деген ойдамын. Курс барысында оқып білген әдістер мен қағидаларды біртіндеп енгізген жағдайда, медициналық қызмет көрсету сапасы біртіндеп жақсаратын болады», — деп бөлісті ол.
Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше