Астананың спорт мектептері балаларды қабылдауды бастады: қабылдау ережелері мен мерзімдері
Өткен демалыста Астана қаласының Мәдениет және спорт басқармасы балалар-жасөспірімдер спорт мектептеріне қабылдау бойынша Ашық есік күнін өткізді. Шара бес жылда алғаш рет ұйымдастырылды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Мемлекеттік спорттық секцияларға қабылдау ережелері бойынша кеңес алу үшін 3000 аса адам жиналды. Бұдан басқа, тұрғындар қауырт желі телефонына да хабарласты. Халық тарапынан қызығушылық жоғары болғандықтан, Астана қаласының Мәдениет және спорт басқармасы қаладағы спорт мектептеріне қабылдау ережелері мен мерзімдері бойынша қысқаша анықтама әзірледі. Спорт мектептерінің мекен-жайлары мен байланыс телефондары көрсетілген толық ақпарат madeniet-sport-astana.kz сайтында «Спорт мекемелері» бөлімінде жарияланған.
Қазіргі кезде елордада балалар мен жасөспірімдердерге арналған 12 спорт мектебі мен клубы жұмыс істейді. Бүгінгі таңдабастапқы дайындыққа балаларды қабылдау конкурстық іріктеу негізінде жүргізіліп жатыр. Құжаттар 1 қазанға дейін қабылданады. Жаттығулардың бәрі тегін.
Елорданың спорт мекемелерінде жаттығу үшін мынадай құжаттар топтамасы қажет: баланың ата-анасы қол қойған өтініш, мекен-жай анықтамасы, №026 медициналық картасы, баланың туу туралы куәлігінің көшірмесі, 3*4 фотосуреттері. Әрбір мектептің ішкі ережелеріне байланысты бұл тізім толықтырылуы мүмкін.
Мысалы, Астана қаласы әкімдігінің «№4 ОРБЖСМ» КММ балалар қосымша 088/у нысанындағы медициналық құжат тапсырады. Мектепке көркем гимнастика, спорт гимнастикасы, спорттық акробатика және батуттық гимнастика, спорттық би сияқты спорт түрлеріне 5-6 жастағы балалар қабылданады.
№2 МБЖСМ шаңғы жарысы (9-11 жас), шорт-трек (9-11 жас), мәнерлеп сырғанау (4-5 жас), конькимен жүгіру спорты (9-11 жас), спорттық бағдарлау (8-10 жас) сияқты спорт түрлері бойынша үйірмелерге шақырады. Аталмыш спорт түрлерімен жаттығам деушілер бақылау нормативтерін тапсырады, оның ішінде жүгіру, секіру, икемділік, координация бойынша және т.б. жаттығулар бар.
Бокс, оның ішінде әйелдер боксы, еркін, грек-рим және әйелдер күресі, кикбоксинг сынды дисциплинаға әуес жандар №3 спорт мектебіне бара алады. Оған 10 жастағы балалар қабылданады.
Ал №4 ОРБЖСМ спорттың барлық түрлері бойынша тәрбиешілерді дайындайды. Атап айтқанда, жүзуден басқа, академиялық есу, байдаркамен және каноэмен есу және т.б. секцияларға қабылдау жыл бойы жүргізіледі. Жүзу секциясына қабылдау 9 қыркүйекте сағат таңғы 9-да «Қазақстан» спорт сарайында өтеді. Басты қағидалардың бірі үлкен бассейнде (50м) жүзе білу, кеудемен 15м және арқамен 15 м қашықтыққа жүзу болып табылады. Сонымен қатар, келесідей антропометриялық көрсеткіштер ескеріледі: бойы — 130см, салмағы — 25-30 кг, балалардың туған жылы: 2010-2011. Іріктеу өтетін күні бас киім, көзілдірік, резеңке шәркей болуы қажет, сондай-ақ, кассадан бір реттік билет сатып алу керек.
Баскетбол, волейбол, гандбол және регби ойнағысы келетін балалар №5 спорт мектебінде жаттығады. Мұнда қыркүйектің 1-нен 25-не дейін 9 жастан асқан балалар қабылданады. Аталған спорт түрлері бойынша секцияларға қатысу үшін ойын дағдысын білу міндетті емес, алайда, бала денсаулығының жағдайы туралы анықтама болуы керек.
Велоспортқа әуес балалар №6 спорт мектебінде жаттыға алады. Мұнда 10 жастан асқан және аталмыш спорт түрімен айналысуға қарсы көрсетімдері жоқ балалар қабылданады. Жас спортшылар 60 метрге жүгіру, 5 минут жүгіру, ұзындыққа секіру, отырыңқырау, тартылу сияқты нормативтерді тапсыруы керек.
Сонымен қатар, «№7 МБЖСМ» КММ шығыс жекпе-жектері шеберлері дайындалады. Дзюдо секциясына 10-12 жастағы, таеквондоға (WTF) 8-9 жастағы, джиу-джитсуға 15-17 жастағы, каратэ-доға 8-15 жастағы, киокушинкайға 12-13 жастағы, шинкиокушинкайға 12-13 жастағы, муай-тайға 13-14 жастағы, самбоға 10-13 жастағы, Қазақ күресіне 10-13 жастағы, белбеу күреске 10-13 жастағы балалар қабылданады. Топтар 1 қазанға дейін құрылады.
Ал №8 Олимпиадалық резервтегі мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің бапкерлер құрамы кәсіпқой футболшыларды дайындайды. Балаларды қабылдау 1 қыркүйекке дейін, ал бастапқы дайындық топтарына қабылдау 1 қазанға дейін жүргізіледі. Биыл бұл мектепке 2009-2011 жылдары туған балалар түсе алады.
№9 балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектебінде садақ ату, оқпен ату, стендтік ату, семсерлесу, үстел теннисі, жеңіл атлетика, қазіргі заманғы бессайыс және триатлон секциялары бар. Әрбір спорт түрінен секцияға қабылдау балалардың жасына қарай жүргізіледі. Мектепте спорт түріне қарай 6-дан 14 жасқа дейінгі балалар жаттығады.
№10 Шайбалы хоккейден мамандандырылған балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектебі ҰХЛ-дың болашақ жұлдыздарын шақырады. Мұнда 5-7 жастағы балалар қабылданады.
Пікір жоқ әзірше