Бүгінде 290 мыңға жуық астаналық тұрақты түрде спортпен шұғылдануда

Астана жаңалықтары: Бүгінде 290 мыңға жуық астаналық тұрақты түрде спортпен шұғылдануда

Бүгін Астана қаласының әкімдігінде Спорт күні мерекесі қарсаңында салтанатты құттықтау рәсімі өтті, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.

Шараға ірі халықаралық жарыстарда Астана атынан еліміздің намысын қорғаған спортшылар, еңбек сіңірген жаттықтырушылар мен қаламыздағы спорт мектептерінің жетекшілері, спорт саласының дамуына елеулі үлес қосқан және спорт саласында жетістікке жеткен спортшылар қатысты.

Іс-шара Астана қаласының мәдениет және спорт басқармасының ұйымдастыруымен өтті. Спортшыларды Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев пен мәдениет және спорт басқармасының басшысы Болат Мажағұлов құттықтады.

«Сіздерді кәсіби Спорт күні мерекесімен құттықтаймын. Жылдан жылға Астанада спортпен шұғылданып, саламатты өмір салтын ұстанатындар саны артып келеді. Бүгінде 288 мыңға жуық астаналық тұрақты түрде спортпен шұғылдануда. Баршаңызға алғыс айтамын! Сіздер қоғамның игілігі үшін еңбек етіп жүрсіздер, мықты, дені сау жастарды тәрбиелеп жүрсіздер!», деді Ермек Аманшаев.

Қазір қаламыздағы 10 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде жеті мыңнан астам бала білім алуда, оның ішінде алты мыңнан астамы олимпиадалық спорт түрінен, сегіз жүзден астамы олимпиадалық емес спорт түрінен. Спорт мектептерінде спорттың 50 түрінен спортшыларды дайындайды, атап айтқанда 39 олимпиадалық, 11 олимпиадалық емес спорт түрі.

«Осы жылдың бірінші жартыжылдығында республикалық және халықаралық додаларда елордалық спортшылар екі мыңнан аса медаль олжалады. Сонымен қатар, 91 спортшы «Спорт шебері», 331 «Спорт шеберіне кандидат» атағын иеленді, 235-і «1 разряд» алған. Ал қаламыздың спортшылары мыңнан астам жарысқа қатысқан», деді Е.Аманшаев.

Жыл басынан бері қаламызда 300-ге жуық спорттық-бұқаралық шара өткізілген, оның ішінде 43-і халықралық, 47-і республикалық және 200-ден астамы қалалық шара.

Ермек Аманшаев Олимпиадалық резерв дайындау орталығы директорының орынбасары Николай Дрютовты «Астана – 20 жыл» төс белгісімен, сонымен қатар, Президенттік дайындық деңгейінің нормативтерін орындаған спортшыларды «Сергектік пен денсаулық», «Шынығуды жетілдіру» төс белгілерімен марапаттады.

Өз кезегінде Николай Дрютов Астана қаласы әкімдігіне алғысын бідіріп, спорт саласында, қоғамдық спорт саласында еңбек етіп жүрген азаматтарға алғыс айтып, еңбектеріне мол табыс тілеп, Олимпиада чемпиондарын дайындауға тілектестігін білдірді.

Салтанатты шарада спорттың дамуына үлес қосқан азаматтарға алғыс хаттар мен гүл шоқтары табыс етілді.
Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше