Әкімдік 15 жыл бойы жеке ғимараты болмаған мектепке ғимарат бөлді
Әсет Исекешев жаңа мектептерге ғимарат бөлуге байланысты бірқатар шешімдер қабылдады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Соңғы 7 жылда елордада орта білім беру саласында оқитындар саны 2 есеге өсіп, 143 мыңнан астам оқушыны құрады. Көші-қон және туу есебінен жыл сайын өсім орта есеппен 15-18 мыңға жетті.
Осы ретте елорда әкімдігі қала инфрақұрылымының қарқынды дамып жатқандығын есепке ала отырып, мектептерге түсетін жүктемені төмендету тұрғысында жұмыс жасауда. 2018 жылдың өзінде 7 мың орындық 6 мектеп пайдалануға беріледі. Алдағы 24 мектеппен мектептерге жапсарлас 10 ғимараттың құрылысы жоспарланған.
Жаңа оқу жылы қарсаңында «Ашық әкімдік» жобасы қағидасын іске асыра отырып, Астана әкімі Әсет Исекешев мектептерге ғимараттарды бөлу мен оларға түсетін жүктемені төмендетуге қатысты мәселені көтерген ата-аналар тобымен кездесіп, шешімін таппай келген проблема жайында олардың өз ауыздарын естіді.
Осыдан 10 жыл бұрын ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі ашқан № 60 мектеп-лицейдің жүктемелігіне қатысты мәселе алғаш рет көтеріліп отырған жоқ. Мектептің көрсеткіші өте жоғары, алайда ондағы негізгі проблемалардың бірі жүктеменің көптігі.Өткен жылы ол мектепте 3558 адам оқыса, қазіргі таңда оқу үшін 300 бала құжат тапсырыпты. Бұның соңғы көрсеткіштер емес екендігін атап өткен жөн.
Әкімнің қатысуымен өткен кездесу барысында Күмісбеков көшесі мен Абай даңғылының қиылысында орналасқан жаңа мектептің ғимаратына қатысты білім басқармасының шешімі қайта қаралған болатын. Енді 1200 орынға лайықталған оқу орны № 60 мектеп-лицейге тиесілі болмақ.Осылайша елордада № 60 мектептің ғана емес сол ауданда орналасқан № 1 және № 35 мектептердің жүктемелігін төмендетуге септігін тигізіп, бірнеше ғимаратты біріктіретін алғашқы мектеп кластері құрылмақ. Мұндайшешім аталмыш мектептің білім сапасы бойынша қаладағы үздік мектептер ондығының қатарында екендігі ескріліп шығарылды. Ата-аналардың көбісі өз балаларының осында білім алуын қалап, оларды аталмыш мектепке беруге тырысады. Бұған қоса, осы мектепте білім беретін біліктілігі жоғары мұғалімдер құрамын жаңа кәсіпқойлар толтырмақ. Бұл өз кезегінде мұғалімдердің жүктемелілігін біркелкі жоспарлауға мүмкіндік береді.
Қазіргі таңда Абай-Күмісбековтегі жаңа ғимараттың есігі сол мектепте оқуға ниет білдірген балалардың құжаттарын қабылдау үшін ашық.
Сонымен бірге, Білім күні қарсаңында дарынды қыздарға арналған «Білім-инновация» лицейінің оқушыларын да жағымды жаңалықпен қуантты. Бұдан бұрын хабарланғандай, оқу орнының ашылғандығына 15 жыл болса да, оған жеке ғимарат бөлінбеген еді.
Бүгін «Білім-инновация» лицейінің оқушылары қалалық, республикалық, халықаралық пән олимпиадаларында жүлделі орындарды иеленіп келеді. Бұл лицейде оқуға түсу үшін өткізілетін конкурстың жоғары екендігін көрсетсе керек. Дәлірек айтқанда, бір орынға 20 адамнан келеді.
Ата-аналардың арызын тыңдаған және де ауданның дамуын есепке қоса алған әкім 188 көшеде жақында ғана бой көтерген мектепті дарынды қыздарға арналған «Білім-инновация» лицейіне беруді ұйғарды. Алдағы уақытта лицей 5 сыныптан бастап оқыту үшін қосымша балалар жинайды деп күтілуде. Бұл, өз кезегінде болашақта жүктемені азайтуғакөмектеседі.
Сонымен қатар, Әсет Исекешев әкімнің орынбасары Қосман Аймұхаметовке мектепті кірме жолмен қамтамасыз ету,187 көшеде жол құрылысына жұмыстарын жеделдетуді тапсырды. Аталмыш жол мемлекеттік бағдарлама бойынша салынған үйлердің аулаларына кіруге мүмкіндік беретін қосымша жолмен қамтамасыз етпек. Мектеп ауласын абаттандыру жұмыстары 25 тамызға дейін аяқталады деп жоспарлануда.
Қазіргі кезде жаңа мектептің учаскесінде екі мердігер ұйым жұмыс істеуде. Жолдарды төсеп, кіреберіс жолдарды салуда. Территорияны абаттандыру жұмыстары 20 тамызға дейін аяқталмақ.
Кездесу соңында Әсет Исекешев білім басқармасына Сарыарқа ауданы әкімдігімен бірлесіп тиімді жол тауып, оның тез арада амал жасауды, сондай-ақ, ғимарат бөлу саясатын тұрғындардың пікірін, қауіпсіздік мәселесін, мектептердегі жүктемені есепке ала отырып жүргізуді тапсырды.
1 пікір