Астана әкімінің жетекшілігімен қатты желдің салдарын жою бойынша жедел штаб отырысы өткізілді
Астана әкімі дауыл салдарын жою жұмыстарын бақылауда ұстап отыр. Астана әкімінің жетекшілігімен қатты желдің салдарын жою бойынша жедел штаб отырысы өткізілді. Әсет Исекешев аурухана, мектеп, балабақша, тұрғын үй сияқты әлеуметтік нысандарды ерекше бақылауда ұстап отыр.
Аудан әкімдіктерінің мәліметінше жалпы қала бойынша ірі қираулар жоқ, 24 тұрғын үйдің қасбетіне зиян келген, 7 әлеуметтік нысанның шатыры (мектеп, аурухана және балабақша) жұлынып, желге ұшып кеткен, 8 ағаш пен 2335 метр қоршау құлады.
Қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, аяқ астынан құбылған ауа райынан 10 адам медициналық көмекке жүгінген. Дәрігерлер зардап шеккендерге тексеру жүргізді, бір пациент № 1 қалалық аурухананың жарақат бөліміне жатқызылды. Астаналық медиктердің айтуынша, пациенттің өміріне қауіп төніп тұрған жоқ.
Дүлей жел басталысымен барлық коммуналдық қызметтер күшейтілген жұмыс режиміне ауысты. Барлығы 2000 жұмысшы мен 500 техника жұмылдырылды.
Сағат 20.30 уақыт бойынша ТЖ салдарын жою жұмыстары жедел жүргізілуде, шалшық суды сорып алу, жолдар мен тротуарларда сынған ағаштарды жинап шығу т.б.
Штаб отырысының қорытындысы бойынша және қаланы аралау барысында әкім қысқа мерзімде тосыннан тыс мінез танытқан табиғаттың барлық салдарын жойып шығуды тапсырды. Сондай-ақ, алдын ала ертеңгі дауылды ескертуге дайындық пен ахуалды бақылап отыру керектігін пысықтады.
Пікір жоқ әзірше