Ырым (балалар мен жасөспірімдерге арналған проза)

Блог - BakytgulSarmek: Ырым (балалар мен жасөспірімдерге арналған проза)
Көрші үйде тұсаукесер той болып жатыр. Қағаз ақшалар мен карта тасталған кілемнің шаңын бұрқырата соғып, ер адамдар карта ойнауда. Құс жастықты шынтағына басып, ойыншылар шеңберінен қалыс отырған папам жымиып анда-санда жанындағыларға қызығушылықпен қарап қояды. «Ол неге ойнамай отыр екен? Ақшасы жоқ па екен? Өскен соң көп ақша тауып беремін, ол да мына ағалармен бірге карта ойнайтын болады» деп ойладым. Осыған ұқсас інімнің сөзі есіме түсіп кетті. Былтыр күзде бір тойда арақ ішкендер төбелесіп, «мөлдір су» жүрген жерден құр қалмайтын әкем сол төбелесте еріні қанап қалған. «Өскенде каратист боламын. Сосын папамды ұрғандарды аямай тебемін» деп еді ол.
Карта ойнынының қызығы біткен соң ас үй жақта жүрген мамамның жанына бардым. Қазандағы қайнаған сорпа буының арасынан бастары қылтиып-қылтиып дабырласып жүрген бес-алты әйелдің әңгімесі бүгінгі бесіктойға келмей қалған Сұлушаш туралы екен.
-Былтыр қоңыр пальто, биыл қаракөк пальто киіп жүрген. Ақшаны қайдан табады десек, тірліктері белгілі екен ғой.
-Ұрлықпен келген ақша не қайырын берсін?!
-Дастарханында үнемі алма-кәмпит тұрады.
-Неше жылға сотталыпты?
-Білдей бір мекеменің ақшасын жымқыру дегенің оңай шаруа емес. Кемі он жылсыз шыға қоймас.
Әңгімелерінен түсінгенім Нұрдәулеттің әкесі ақша ұрлап түрмеге түсіпті. Дөңгелектерін тот баспаған су жаңа велрсипедімен мақтанып үй алдынан күніне екі-үш рет өтетін. Қазір жағдайы қалай екен?
Тұсау кесу рәсімі басталды. Балақайдың аяғына ала жіп байланып, тақия киген атай күміс қайшымен тұсау кесті.
-Ала жіптен аттама! Қадамың шалыс басылмасын. Ер жет!-деп тілек айтып жатты жамырасып отырғандар.
Жанымда отырған мамамнан:
-Мама, ала жіптен аттама деген не сөз? деп сыбырладым.
-Ұрлық қылма, біреудің тапқан еңбегіне ортақтаспа деген сөз. Адал болып өсуі үшін жасалатын ырым,- деді.
Есіме жаңағы Нұрдәулеттің түрмеге жабылған папасы түсті де:
-Сонда Нұрдәулеттің папасын кішкентай кезінде ала жіппен тұсауын кеспеген болып тұр ғой?- дедім.
Ойланып жауап беруден гөрі өзіме ескерту жасағанды жөн көрді де:
-Келесіде үлкен апалардың әңгімесін тыңдама, ұят болады, — деп құлағымды шертіп жіберді.
Қонақтық біткен соң үйге келе жатып Сұлушаш апаны көрдік. Түгі жылтыр қызыл кілемді далаға жайып қойып, қағып жатыр екен. Әншейінде әдемі дүние көрсе көзі қызатын мамам бұл жолы қызыл кілемге мән бермеді. Сұлушашқа көзімен ғана амандасқандай ырым жасады да өтіп кетті. Өзін жаңа ғана өсектегенін сезді ме немесе көңіл күйі жоқ болды ма ол бізге бұрылып қарамастан кілемді құлашын кең жайып тұрып ұра берді. Біраздан кейін де сапалақ тиген кілемнің дауысы жаңғырып біздің үйге дейін естіліп тұрды.
«Тұсауды ала жіппен кесу керек еді» деген ой басымнан шықпай қойды.
ІІ

Қыс түскенде папам ауылдың жігіттерімен қосылып теңізден балық аулайды. Ауланған балықтарды сатып ақша табады. Ақша көп болған күні дүкеннен бізге тәттілер алып келеді. Әкелген тәттілерді балық құралдары, қажетті заттары бар сумкасына салып алады ма, әйтеуір балықтың дәмі шығып тұратын. Мамамның алақанына қыстыратын ақшаның шетіне кейде балықтың қабыршақтары жабысып қалатын.
Соңғы кездері папам тәттілер әкелуін сиретті. Қармағына балық түспей жүр екен. Ырымшыл мамам «Қолыңа көз тиген» деді де, қармағына қызыл жіп байлап берді. «Дорбаны да жаңалап ауыстыру керек. Келетін пайданың көзін байлайды» деп балықтың шылымымен қаудырлап, әбден ескірген дорбаны пеште жанып жанған отқа тастап жіберді.
Бірінші сыныпта кітап салған қызыл сөмкем бар еді. Мамам соны сандықтан алып шықты да:
-Қызыңның «беске» толған сумкасы ғой. Жақсы ырым шығар. Осыны ұста. Сырт жақта кім мән беріп қарасын, бәрібір ғой,- деді.
«Бестікке» толы деген атынан гөрі, көз тиюден қорғайтын қызыл түсіне көбірек мән бергенін сезіп те отырмын. Папамның алпамсадай арқасында менің қызыл сумкам оймақтай ғана болып қалды.
-Құтты дорба болсын,- деді мамам күбірлеп.
Менің қызыл сөмкемнің арқасында кешке тәтті жейтінімізге сенімді болып, ініме қарап жымың- жымың етіп қоямын.
Кешке балықтан келген папам қызыл сөмкені елеусіз табалдырыққа қоя салды. Балықтың шылымы жұқпаған, тап-таза күйінде тұр екен. Демек қармаққа балық түспеген…

ІІІ

Құрылысқа жұмысқа тұрған папам соңғы кездері жұмыстан мас болып келуін жиілетті. Жұмыс басында кешке таман шаршағандарын басу үшін арақ ішеді екен. Мамамның күрсінісі көбейді. Мотоциклдің алдына отырғызып қыдыртудан қалған папам үшін інім де мұңайып жүр. Туғаннан музыкаға қабілеті жоқ папамның «Ахоуу, бұраң бел, Қамажай» деп түсініксіз сөздермен барылдап ән айтатыны менің де жүйкеме тиіп жүр. Ауладағы дос балалардан ұят.
Сау болған күндерін зерттеп, есептеп жүрген мамам мынандай қорытындыға келді:
-Байқаймын, әкелерің көк көйлегін киген күні мас болып келеді. Соны кимеген күндері ішпей келіп жүр екен.
Әйтеуірі бір шарасы болу керек деген үмітпен бар кілтипанды көк көйлектен көрдік.
Ертеңгі күні жұмысқа кеткелі жатқан папамның жанында қипақтап тұрдым да:
-Пап, мына көк көйлекті кимей-ақ қойшы… — дедім міңгірлеп.
-А?
-Сол!
Мамама қарап едім, актрисаларға еліктеп қара қарындашпен сызып алған қасын жиырып-жазып көк көйлектен айырылма дегендей ым жасап тұр екен. Қасын қай уақытта бояп үлгерген деп ойланып жатуға уақытым жоқ, көк көйлектің бір жеңі киіліп қойды. Көк көйлекті киіп кетсе мамамның да қабағынан қар жауып, ашуын бізден алатынын да сезіп тұрмын. «Шешуші сәт таяп қалды" дедім іштей, мынадай көркем сөзді қайдан жаттап алғанымды есіме түсіріп жатуға да уақыт тапшы. Көйлектің киілмеген бір жеңінен тартып шешіп алдым да, сыртқа қарай жүгірдім.
-Өй, өй… Не болды мынаған?- деп тұтығып жатқан папамның сөзін аяқтатпастан, есікті тарс жауып сыртқа қарай жүгіре жөнелдім. Тілі салақтап Ақтөс менімен ілесе шапты.
Ызаланып жылап келемін. Үйдегі салқындыққа кінәлі көк көйлекпен көзімнің жасын сүртіп алдым. Көйлектен тер мен арақтың иісі шығады екен. Шамалы уақыт өткен соң үй жаққа жақындап едім, боз көйлегін киген папам ұзап барады екен.
Кешке жақын папаның арақ ішіп келмейтінін, бізбен бірге дастарханда отырып күліп- ойнап әңгіме айтатынын, бізді мотоциклмен қыдыртатынын ойлап көңілім жадырап жүр. Мамамның да қабағы ашық, бауырсақ пісірді, жер үстелдің дастарханын ауыстырды. Қонаққа жайылатын оюлы көрпешені жайды. Ыңылдап әндетіп жүріп, інімнің тырнағын қиды, мұрынын сулы шүберекпен сүртіп тазалады, кекілін қайырып қойды. Батып бара жатқан күннің сәулесіне боз көйлегі оттай боялып келе жатқан папамды алыстан көрдім. Жақындаған сайын жүрісінің шалыс екені байқалды. Тағы да мас болып келе жатыр екен. Бізге боз көйлек те көмектеспеді…
Бөлісу:

2 пікір

asaubota
өзің сенесің бе қазір ырымдарға?
neoaskar
кейбір ырымдар ойдан шығарылған. мысалы, сыпырғыны түргетіп қойма дейді. түргесе не болады екен-ей.
ал, басқалай, түнде тамақ салынған ыдыстың бетін ашық қалдырма дейді. бұл енді рас. ішіне қоқыс түседі ашық қалса. сенбесеңдер таза сүтті түнде ашық қалдырып азанда қараңдар. бетінде шаң жатады.