Астана әкімдігінде Жастар істері жөніндегі кеңес отырысы өтті

Астана жаңалықтары: Астана әкімдігінде Жастар істері жөніндегі кеңес отырысы өтті

Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы А.Оралов ағымдағы жылы жастар саясаты саласында атқарылған жұмыс туралы баяндады, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің медиа орталығы.

Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаевтың төрағалығымен Жастар істері жөніндегі кеңес отырысы өткізілді. Аталмыш Кеңес отырысына мемлекеттік органдар мен жастар үкіметтік емес ұйымдарының басшылары, шығармашылық жастар өкілдері, елордалық ЖОО, колледждердің Жастар ісі жөніндегі комитет төрағалары және мектеп көшбасшылары қатысты.

Күн тәртібіне сәйкес бірінші жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы А.Оралов ағымдағы жылы жастар саясаты саласында атқарылған жұмыс туралы баяндап, келесі жылға жоспарланған жобаларды атап өтті.

Оған қоса, аталмыш кеңес отырысында 2018 жылға арналған кеңес жоспарының жобасы талқыланды. Жоспар жобасына жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейін төмендетудің жаңа механизмдері, жас отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету, жастар арасында суицидтің алдын алу шаралары сияқты өзекті мәселелер енгізілді. Жастар істері жөніндегі кеңестің жаңа құрамы қарастырылып, онда Астана қаласының Мәслихат депутаты С. Батпенов, халықаралық гроссмейстер, ЮНИСЕФ ерікті елшісі Д. Сәдуақасова, Қазақстан халқы Ассамблеясы жастар қанатының төрағалары Ф. Ахметова мен Р. Валеев және басқалары енді.

Отырыс барысында «Қазақстан КВН одағы» республикалық жастар қоғамдық бірлестігінің президенті Е. Елеукен басқарма қолдауымен «Жайдарман» ойындарының Жоғарғы лигасын халықаралық деңгейде өткізу мәселесін қарастыруды ұсынды. Сонымен қатар, «Selfmade» жобасының авторы және жүргізушісі А.Жұманбаева аталған жобаны отандық телеарналарда жарыққа шығаруды ұсынды. «Selfmade» жобасының мақсаты жетістікке жеткен тұлғалармен сұхбат арқылы жастарды ынталандыру.

Аталған ұсыныстар назарға алынып, Кеңес жұмысының барысында қарастырылатын болады. Жалпы күн тәртібіне қойылған мәселелерді талқылау кезінде жастар белсенді түрде ат салысып, өз пікірлерімен бөлісті.
Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше