Қаллеки театрында «Шәмші» спектаклінің премьерасы өтеді
Қ. Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының ұжымы жаңа премьераға дайындық үстінде, деп хабарлайды елорда әкімдігінің медиа орталығы.
Желтоқсанның 1,2,3 күндері театр сахнасында «Шәмші» спектаклінің премьерасы өтеді. Жаңа қойылым белгілі композитор, «Қазақ вальсінің королі» атанған Шәмші Қалдаяқовтың өміріне арналып отыр. Ақын Серік Тұрғынбекұлының пьесасын сахналауға қойылым режиссері мен театр ұжымы алты ай бойы дайындалған.
«Бұған дейін Шәмші Қалдаяқов туралы еліміздің көптеген театрлары сахналады. Көп сериялы фильм де түсірілді. Шәмші туралы шығармалардың көбі оның өмірінің кезеңдері мен композиция ретінде әндеріне құралған. Біз көрерменге оның көп жыл бойғы жалғыздығы мен шығармашыл тұрғаның жан дүниесіндегі құбылыстар туралы сахналауды жөн көрдік», — дейді қойылым режиссері, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Болат Ұзақов.
Режиссердің айтуынша спектакль әу баста моноспектакль жанрында қойылуы тиіс-ті. Алайда композитор туралы шығармада оның әндерінің орындалуы заңды. Сол себепті, бастапқы жоспарды өзгертіп, шығарма жанрын музыкалық драмаға өзгертілді.
«Спектакльде оның басынан кешкен оқиғалары мен танымал әндерінің жазылу тарихы айтылмайды. Себебі, оны халық біз айтпасақ да біледі. Аңыз қылып айтып жүр. Біз қойылым арқылы оның жан дүниесіне үңілуге тырыстық», — дейді Б.Ұзақов.
Шәмші образын ҚР еңбек сірңірген қайраткері Нүркен Өтеуілов сомдайды. Қойылымда композитордың бірқатар әндері де орындалады. Премьераға Шәмші Қалдаяқовтың жұбайы мен балалары келеді деп жоспарланып отыр.
«Шәмші» музыкалық драмасының премьерасы 1,2,3 желтоқсан күндері Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында сағат 18.30-да өтеді.
Пікір жоқ әзірше