Үнді хирургы есту қабілеті нашарлаған 11 қазақстандық балаға операция жасайды
Отоларингология саласында әлемдік деңгейдегі маман Ашеш Бхумкар есту қабілетін қалпына келтіру үшін Астанада 11 балаға жоғары технологиялы операция жасамақ. Мұндай операция Қазақстан мен Орталық Азияда бірінші рет жасалынғалы жатыр, деп хабарлайды елорда әкімдігінің медиа орталығы.
Есту қабілетінен айрылған балалардың мүддесін қорғайтын «Микротия и атрезия» қоғамдық бірлестігі UMC корпоративті қорымен бірлесіп, табиғи есту қабілетін қайтара алатын үнді дәрігері Ашеш Бхумкармен шеберлік сыныбын өткізді.
«Дәрігер Ашеш Бхумкар адам қолына мұрын мен құлақ өсіріп шыққан ғалымдардың бірі. Дәрігер қазақстандық дәрігерлерді есту қабілетін қайта қалпына келтіру әдісі бойынша оқытады. Іс-шараға ресейлік дәрігерлер де қатысады. Операцияға дабыл жарғағы, протезден жасалған есту сүйегі, есту жолы т.б. жаңалықтар енгізіледі», — дейді «Макротия и атрезия» ҚБ төрайымы Малика Сұлтан.
Оның айтуынша, есту жолын әлемде тек кейбір дәрігерлер ғана аша алады. Сол себепті, есту қабілетін қайта қалпына келтіру операциясы өте қымбат тұрады, яғни бағасы 86 мың долларды құрайды. Ал дәрігер Бхумкар кішкентай балалардың операциясын 40 мың долларға жасауға келісіп отыр.
Шеберлік сыныбы барысында Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығы базасында республика бюджетінен 11 балаға операция жасалады. Бұл операция Қазақстан мен Орталық Азияда бірінші рет жасалынғалы отыр.
«Бұрынырақ естуден мәселесі бар балаларға саңырау немесе нейросенсор болса – есту аппаратын импланттап беретін. Бұл шын мәнінде шығыны көп мәселе. Бхумкардың арқасында есту жолын ашып, құлақты қалпына келтірсе, бала табиғи түрде еститін болады. Қоғамдық бірлестіктің болашақ жоспарында дәрігердің бір жыл Қазақстанда болуын қамтамасыз ететін жоба жасамақшы. Ол бір жыл ішінде жүзден аса операция жасаудың мүмкіндігін қарастырады», — деді М. Сұлтан.
Қазақстанда «Микротия атрезия» диагнозымен 700 бала тіркелген.
«Осындай операцияның арқасында науқас балалар кәдімгі құлаққа ие болады. Ол табиғи тін, сондықтан қорқудың қажеті жоқ және ең бастысы құлаққа баланың өз құлақ терісін пайдаланады. Теріні ағзасындағы басқа жерінен алмайды», — дейді дәрігер Бхумкар.
Операциядан кейін барлық пациенттер ғылыми орталықтағы стационардан оңалтудан өтеді және алты аптадан кейін хирургтың кеңесін алуға келеді.
Пікір жоқ әзірше