Жыл аяғына дейін «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша Астанада екі үй беріледі

Жыл сонына дейін Елордада «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы көппәтерлі екі үй берілуі жоспарланған, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің медиа орталығы.

2017 жылдың аяғына дейін «Нұрлы жер» бағдарламасын жүзеге асыру бағытыңда «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» Астана қаласы Қошқарбаев — Жұмабаев даңғылдары қиылысында орналасқан 620 пәтерлі екі КТК-нің (көппәтерлі тұрғын үй кешені) халық игілігіне беруді жоспарлап отыр. Осы берілгелі отырған 620 пәтердің 310 пәтері банк салымшылары арасында конкурс арқылы ойнатылса, қалған 310 пәтер кезекте тұрғандарға берілетін болады. Ал, пәтер құнына келетін болсақ, 1 шаршы метрдің құны – 180 мың теңге. Конкурстың нақты күні әзірге белгісіз.

Қазақстанның «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ банк салымшылары мен кезекте тұрғандардан құжаттарды қабылдауды және қатысушыларды іріктеуді дербес жүргізеді екен. Ал, үміткерлерді іріктеу бағалау көрсеткіштері бойынша жүргізіледі. Пәтерлер несиеге берілетін себепті есепке тұрған күн ескерілмейді.

Ал, халықтың әлеуметтік-осал топтарына жалға берілетін тұрғын үй қорын құру және үй беру тәртібі төмендегідей.

Сатып алу құқығынсыз жалға берілетін пәтер коммуналдық тұрғын үй қорында кезекте тұрған халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз қорғалған топтарына және баспана кезегінде тұрған мұқтаж жандарға Қазақстан Республикасының қолданыстағы тұрғын үй заңнамасына сәйкес кезек ретімен берілетін болады.

Осы бағытта 2018-2019 жылдар аралығында 519 пәтер беру жоспарланған.

Ал, ипотекалық кредит берудің қолжетімділігін арттыру бойынша бағдарламаға қатысудың шарттары төмендегідей:

— кредит беру мерзімі – 180 ай;

— бастапқы жарна — 30% бастап;

— нысаналы мақсаты – бастапқы тұрғын үйді сатып алу;

— Алматы, Астана қалалары үшін қарыздың ең жоғары субсидияланатын сомасы — 20 млн. теңге, өзге қалаларда 15 млн. теңге;

— субсидиялаудын ең жоғары мерзімі – 120 ай.
Бөлісу:

1 пікір