Астаналық оқушылар Халықаралық жобалар олимпиадасынан жеңіспен оралды
«Білім инновация» лицейінің 11 сынып оқушылары 24-25 қазанда Бразилияда ғылыми жобалар және «Mostratek» технологиялары олимпиадасында алтын медальға ие болды деп хабарлайды елорда әкімдігінің медиа орталығы.
Рустем Балтабеков, Нұркен Ормантаев, Ернар Бексұлтанов, Мирас Бекетұлы халықаралық байқауда «Теңсіздіктерді бірқалыпты туындылардың түрі бойынша дәлелдеу»жобасымен Қазақ елінің намысын қорғаған болатын. Команда мүшесі Мирас Бекетұлының айтуынша, аталмыш жоба математикалық теңсіздіктерді шешудің жаңа әрі жылдам әдісін ашуға мүмкіндік бермек.
«Бразилиядағы олимпиадаға біз тоғыз ай бойы дайындалдық. Функцияларды тереңірек зерттеп, анализдерді жүргіздік. Мұғаліміміздің жетекшілігімен ашқан жаңалығымыз тиісті теңсіздіктерді тез шешіп, уақытты үнемдеуге көмектеседі. Қарсыластарымыз осал болмағанымен, қазылар алқасы біздің жобаны инновациялық талаптарға сай деп тапты», — деп атап өтті Мирас Бекетұлы.
Оқушылардың ұстазы, «Білім инновация» лицейінің математика пәнінің мұғалімі Муаммер Гуль шәкірттерінің алдағы уақытта осы тақырып аясындағы жобаны тереңірек зерттеп, оны мамыр айында өтетін Дүниежүзілік жобалар байқауына ұсынатын ниеті бар. Сол себепті олар дүниежүзілік додаға бүгін қызу дайындалып жатыр.
«Функциялармен байланысты математикалық тақырыпты тереңірек зерттеп жатырмыз. Қалалық, облыстық, республикалық деңгейдегі жарыстарға қатысамыз. Бұл тақырып аясында жетілдірілген жобамызбен Дүниежүзілік жобалар байқауында да бағымызды сынап көргіміз келеді», — дейді математика пәнінің мұғалімі Муаммер Гуль.
Айта кетейік, Бразилияда өткен ғылыми жобалар және «MOSTRATEK» технологиялары олимпиадасында әлемнің 35 елінен физика, математика, биология пәндері бойынша 472 жоба ұсынылған болатын. Оның 15 жобасын қазақстандық оқушылар қорғап, 3 алтын, 4 күміс, 3қола медальды қанжығаларына байлады.
Пікір жоқ әзірше