«Smart медицина» жобасы қағазбастылықтан арылуға мүмкіндік береді
2018 жылдың соңына дейін қаланың медициналық мекемелері «Smart медицина» жобасы аясында ақпараттық жүйелермен қамтылатын болады. Денсаулық сақтау саласының сандық модернизациясы дәрігерлерге қағазбастылықтан арылуға мүмкіндік береді деп мәлімдеді елорда маслихатының отырысы барысында Денсаулық сақтау басқармасының жетекшісі Қамалжан Надыров.
«Бағдарламаны іске асырудың аясында әкімшілік процесстермен қатар клиникалық процесстер де толықтай автоматтандырылатын болады деп жоспарлануда. Радиологиялық және зертханалық зерттеулердің орталықтандырылған мәліметтер базасы құрылатын болады», — деді Қ.Надыров елорда маслихатының отырысында.
Денсаулық сақтау басқармасы жетекшісінің сөздеріне қарағанда, медициналық ақпараттық жүйе пациенттің туған мерзімінен бастап өмірінің соңына дейін қандай ауруға шалдыққандығы туралы ақпаратты сақтайды. «Ақылды технологиялар» тұқым қуалайтын және генетикалық ауруларды болжауға да мүмкіндік береді.
«Smart медицина» жобасын енгізу дәрігердің қабылдауындағы кезектерді, пациентті қабылдау кезінде мәліметтерді енгізу уақытын қысқартуға, персоналдың жұмысын оңтайландыруға мүмкіндік береді.
Ақпараттық жүйенің негізгі басымдықтарына мыналар жатады: дәрі-дәрмектер мен медициналық жабдықтарды есепке алу ашықтығын жоғарылату, диагноздың сапалы қойылуы, мәліметтер мен ем белгілеудің сараптамасын енгізуді бақылау, түсірілімдер мен зертханалық зерттеулерді өңдеу дәлдігін жоғарылату.
2 пікір