Ғалымдар Астананың елорда ретінде құрылуын еске алды

Астана жаңалықтары: Ғалымдар Астананың елорда ретінде құрылуын еске алды

Астанада «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Астана тарих толқынында» тақырыбында дөңгелек үстел өтті деп хабарлайды елорда әкімдігінің медиа орталығы.

Астана қаласы әкімдігінің Ішкі саясат басқармасының қолдауымен өткен шараның мақсаты Елбасының Қазақстан халқына арнаған жолдауының, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының негізгі қағидалары бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыру болып табылады.

Дөңгелек үстелдің басында жиналған тарих, педагогика ғылымдарының өкілдері Астананың елорда ретінде құрылуын еске алып, бас қаланың даму перспективаларын ортаға салды. Шара барысында «Астана – Қазақ елінің локомотиві», «Астана тұрғындары және бәскеге қабілеттілік», «Қазақстандағы астаналар тарихы: қысқаша шолу», «Астана –ұлт тәуелсіздігінің кепілі» тақырыбында баяндамалар жасалды.

Филология ғылымдарының кандидаты Жұмамұрат Шәмшінің айтуынша, бүгінгі таңда Қазақстанның бас қаласын танымайтын ел жоқ. Алдағы уақытта да Астананың көрінер биіктері де аз емес.

«Бүгін Астананы төрт күл дүние таниды. Бұрын, әрине, олай емес еді. 1996 жылы әлеумметтік әл-ауқаты төмен халық өзі жер жорғалап жүргенде, қоғамды астананың Алматыдан Ақмолаға көшірілуі жөніндегі шешімнің дұрыс-бұрыстығы толғандырған болатын. Әлбетте, тақыр жерден қала құру оңайлыққа соққан жоқ. Қала бюджетінің 70-80 пайызы тек құрылыс жұмыстарына жұмсалды. Астанамыз көптеген соқпақтардан, өткелдерден, белестерден өтті, әлі асар асуларымыз көп»- дейді ол.

«Астана бүгін Шанхай ынтымақтастық ұйымының, Әлемдік діндердің көшбасшылары бас қосатын орынға айналды. Әлемдегі геосаяси ахуалдың барлығы осы жерден басқаралатын іспетті. Әлемдегі форумдардың түр-түрі, әлемдік саяси ахуал Астанада талқыланады. Мәселен, кешегі күні Сириядағы жағдай да Астанада 7-ші мәрте талқыланды. Әлемді бірлікке, ынтымаққа шақырудағы, қазақтың төртеу түгел болса төбедегі келер деген қағидасына бағытталған көпвекторлы саясатындағы Астананың рөлі зор» — деп түйді сөзін Жұмамұрат Шәмші.
Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше