Астана әкімі қаладағы жолдар мен электр сымдарына қатысты бірқатар тапсырма берді

Қалалық әкімдікте өткен аппарат отырысында елорда әкімі Әсет Исекешев бірқатар қалалық құрылымдардың есебін тыңдап, Астананың апта ішіндегі ахуалымен танысты.

Жыл басынан бері қалада кабельдік сымдардың 521 тұйықталу және ұшқындау оқиғасы тіркелді. Бұл 2016 жылдың аталған кезеңімен салыстырғанда 131 оқиғаға немесе 25% көп.

«Дамыған мемлекеттерде коммуникациялық желілердің барлығын жердің астымен жүргізеді. Ал бізде әлі күнге дейін көшелерде кабельдік сымдар жоғарыда ілініп тұр. Осыған орай аудандық әкімдіктерге тиісті қызметтермен бірлесіп, ағымдағы жылдың соңыңа дейін қала аумағындағы жоғарыда ілінген кабельдік желілерді түгендеп, оларды ретке келтіру жөнінде нақты ұсыныс әзірлеуді жүктеймін», — деді қала басшысы.

Аппарат отырысында жол инфрақұрылымына қатысты мәселелер де талқыға салынды. Бейсекова, Қошқарбаев көшелеріндегі жаяу жүргіншілерге арналған жолдар мен жол жиектерінің салынбай қалуы немесе құрылыс жобасына енгізілмеуі салдарынан тұрғындар «өздері салған» жолдармен жүруге мәжбүр. Бұған қоса әкім жолдағы пандус мәселесіне баса назар аудару қажеттігін айтты.

«Қалада жол пандустары өте аз. Бұл арба сүйреткен аналар мен мүмкіндігі шектеулі жандардың жүріп-тұруына қиындық туғызады. Жаңадан салынған көшелер болғандықтан бұл мәселе о баста жобаға енгізілуі керек болатын. Алда елорданың 20 жылдық мерейтойын атап өту міндеті тұр. Осыған орай аудандық әкімдіктер мен құрылымдық мекемелер 10 қарашаға дейін қаладағы проблемалық аумақтардың кемшіліктерін (жол пандустары, жол жиектері, тас төсемдерін және т.б.) толық түгендеп, тиісті шараларды қабылдауды тапсырамын», — деді Астана әкімі.
Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше