Елордада қазақ күресінен Әлем чемпионаты басталды

Астана жаңалықтары: Елордада қазақ күресінен Әлем чемпионаты басталды

Елордада қазақ күресінен Әлем чемпионаты басталды, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің медиа орталығы.

Бүгін Астанамызда Қазақ күресінен Әлем чемпионатының жалауы желбіреді. Байрақты бәсеке екі күн қатарынан өтеді, жарысқа әлемнің 40 мемлекетінің спортшылары қатысуда, олардың қатарында АҚШ, Қытай, Австралия, Үндістан, Литва, Ресей, Бельгия, Украина, Камерун және т/б бар.

Қазақ күресі ежелгі спорт түріне жатады. Бүгінгі таңда оның танымалдылығы күн өткен сайын артып келеді десек артық айтпаймыз. Оған дәлел қазақ күрес түрінен ел ішіндегі түрлі той думан мен салтанатты іс-шаралардан бөлек, әлемдік дәрежеде өткізіліп жүрген «Әлем Барысы», «Еуразия Барысы» жарыстарын атасақ болады. 2016 жылдан бастап ЮНЕСКО оны материалдық емес мәдени мұра тізіміне енгізілген.

Бүгінгі чемпионат сегіз салмақ дәрежесі және абсолютті дәреже бойынша өтуде. Сайыстың алғашқы күні спортшылар 55, 99, 100, 100+ және келесі күні 60, 66, 74, 82 және абсолюттік салмақ дәрежесі бойынша бақ сынайды.

«Жарысқа әлемнің қырық мемлекетінен 179 спортшы қатысуда. Жарыстын жүлде қоры шамамен жүз мың доллар. Нақтылап айтсам бірінші орынға екі мың доллар, екінші орынға мың доллар, үшінші орынға бес жүз доллар жүлде беріледі. Ал, абсолютті дәреже бойынша жеңімпазға бес мың доллар жүлде тігіп отырмыз», деп атап өтті Қазақ күресі халықаралық федерациясының тәртіпті қадағалау комитетінің төрағасы Бейбіт Ыстыбаев.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, Әлем чемпионаты екі жылда бір ұйымдастыратын болады. Яғни, бірінші жылы Әлем чемпионаты, екінші жылы «Әлем Барысын» өткізу жоспарланған.

Төрешілер қатарында Ресейден, Полшадан келген шетілдік төрешілерде бар, ал чемпионаттың бас төрешісі Халықаралық дәрежедегі судья Мақсат Ахметбеков. Жарыста Қазақстанның намысын тоғыз спортшы қорғауда.

Іс-шараның басты ұйымдастырушысы ЗТБ «Қазақ күресі халықаралық федерациясы».
Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше