Алғашқы Паралимпиадалық ойындардың жеңімпаздары белгілі болды

Астана жаңалықтары: Алғашқы Паралимпиадалық ойындардың жеңімпаздары белгілі болды

Астанада балалар арасындағы алғашқы паралимпиадалық ойындар аяқталды деп хабарлайды елорда әкімдігінің медиа орталығы.

ҚР Тұңғыш Президенті қоры ұйытқы болған паралимпиадалық ойындарды өткізудің басты мақсаты адаптивті дене тәрбиесін танымал ету және дамыту, инклюзивті білім беру саласындағы жаңа коммуникациялық шешімдерді дамыту, ерекше қажеттіліктері бар дарынды балаларды анықтау және әрбір қатысушы баланың дамуына ықпал ету болып табылады.

Қанатқақты жоба аясындағы паралимпиада ойындарына еліміздің Ақмола, Алматы, Қостанай, Павлодар облыстары мен Астана қаласынан 120 спортшы қатысты. 12-ден18 жастағы өрендер спорттың 5 түрі бойынша бақтарын сынаған болатын. Бұл: волейбол, шахмат, қоңыраумен жүгіру, жүзу және арбада таңылғандар арасында жүргізілетін би сайыстары.

Осылайша жүзу жарысында үшінші орынға Ернұр Жолашар (Астана қаласы), екінші орынға Әділет Жүргенов (Ақтөбе облысы) ие болды. Ал бірінші орын Владислав Нинахановқа (Қостанай облысы) бұйырды.

Шахматтан қола жүлдені Наби Диас (Алматы облысы), күміс жүлдені Арайлым Сағиева (Ақтөбе облысы) қанағат тұтса, алтын жүлдені Сұлтан Қожахметов еншіледі.

Арбадағы би сайысында үшінші орынды Лестин Асламбеков пен Диана Мұсағұлова, екінші орынды Таңатханов Бағдат пен Жансұлу Күзенбаева (Қостанай облысы) алды. Ал Ерлан Нұрмағанбетов пен Сандуғаш Ақанова аталмыш сайыста топ жарды.

Қоңыраумен жүгіру жарысында Надежда Коханенко (Қостанай облысы) мен Айя Хамзина (Алматы облысы) үшінші орынды өзара бөліссе, екінші орынды Диляра Асаинова (Павлодар облысы) иеленген болатын. Ал Валерия Гаврилина (Астана қаласы) мәре сызығына бәрінен бұрын жетіп, алтын медальды қанжығасына байлады.

Ал волейболдан командалық есепте үшінші орын Астана қаласының командасына, екінші орын Ақтөбе облысының командасына бұйырды. Ал жеңіс тұғырынан аталмыш жарыста Павлодар облысының командасы көрінді.

Айта кету керек, аталмыш спорт түрлерінен паралимпиадалық ойындар келесі жылдан бастап дәстүрлі түрде республика деңгейінде өткізіледі деп жопарлануда.
Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше