Астанада балалар арасында алғашқы Паралимпиадалық ойындар өтуде
Бүгін, 20 қазанда елорданың Оқушылар сарайында ҚР Тұңғыш Президенті қорының ұйымдастыруымен балалар арасындағы алғашқы паралимпиадалық ойындар салтанатты түрде ашылды деп хабарлайды Астана әкімдігінің медиа орталығы.
«Жеңістерге бірге» атты паралимпиадалық ойындарды өткізудің басты мақсаты адаптивті дене тәрбиесін танымал ету және дамыту, инклюзивті білім беру саласындағы жаңа коммуникациялық шешімдерді дамыту, ерекше қажеттіліктері бар дарынды балаларды анықтау және әрбір қатысушы баланың дамуына ықпал ету болып табылады.
Қанатқақты жоба аясындағы паралимпиада ойындарына еліміздің Ақмола, Алматы, Қостанай, Павлодар облыстары мен Астана қаласынан 120 спортшы қатысуда. 12-ден 18 жастағы өрендер спорттың 5 түрі бойынша бақтарын сынап жатыр. Бұл: волейбол, шахмат, қоңыраумен жүгіру, жүзу және арбада таңылғандар арасында жүргізілетін би сайыстары.
Ұйымдастырушылардың сөздерінше, елімізде есту қабілеті нашар балалар арасында волейболдан, көру қабілеті нашар жасөспірімдер арасында қоңыраумен жүгіруден, менталдық өзгерістері бар балалар арасында шахматтан паралимпиадалық жарыстар бұдан бұрын өткізілмеген. Бүгінгі ойындардың бірейгейлігі, міне, осында жатса керек.
Астана қаласының намысын аталмыш сайыстарда №65 мектептің түзету сыныбының оқушылары мен қоңыраумен жүгіру сайысында бақ таластыратын №10 мектептің оқушысы қорғамақ. Елордалық команданың бапкері Бақыт Рауан астаналықтардың жеңіс тұғырынан көрінетіндігіне сенімді екендігін айтады.
«Бұл сайыстарға біз қыркүйек айынан бастап қызу дайындық жұмыстарын жүргіздік. Біздің мектеп – есту қабілеті нашар балаларды оқытатын қаладағы жалғыз оқу ордасы. Сол себепті мектебіміздің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі ең мықты деген балаларды таңдады. Арбаға таңылғандар арасында өтетін би сайысына да көп дайындалдық. Оқушыларымыз вальс билейді. Өте әдемі номер деп есептейміз.
Командамыздың мүшелері қалалық, республикалық жарыстардың жүлдегерлері болып табылады. Жақында ғана командамыздың мүшесі, Сұлтан Қожахметов, шахматтан Азия ойындарының жеңімпазы атанған болатын. Сол себепті біздің команданың әлеуеті өте зор деп санаймыз», — деп бөлісті Бақыт Рауан.
Спортшылардың өнерін бүгінгі паралимпиада ойындарында әлем чемпиондары, спорт шеберлері, спорттық биден Қазақстан федерациясының мүшелері бағалайтын болады.
Айта кету керек, аталмыш спорт түрлерінен паралимпиадалық ойындар келесі жылдан бастап республикалық деңгейде дәстүрлі түрде өткізілмек.
Пікір жоқ әзірше