Елордалық мектеп оқушылары тәртіп сақшысы мамандығының қыр-сырымен танысты

Астана жаңалықтары: Елордалық мектеп оқушылары тәртіп сақшысы мамандығының қыр-сырымен танысты

16-20 қазан аралығында республика аумағында «Мен және менің полицейім» акциясы өтуде, деп хабарлайды елорда әкімдігінің медиа орталығы.

Елордалық оқушылар полицейлердің жұмысымен танысты. Балалардың тәртіп сақшысы жұмысының қыр-сырын танып білуіне «Мен және менің полицейім» акциясы себеп болды. Іс-шараны өткізу барысында орта буындағы мектеп оқушылары үшін жыныстық қол сұғылмаушылықпен байланысты құқық бұзушылықтардың, басқа да теріс қылықтардың алдын алу туралы дәрістер оқылып, сұхбаттасу жүргізілді. Оқушылар үшін арнайы техника мен қызметкерлерге қажетті керек-жарақтардың көрмесі, сондай-ақ Астанадағы Оқушылар сарайы алдында өткен жаттықтырылған иттердің көрмесі акцияның ұмытылмас сәті болды.

Алаңға ондаған патрульдік көліктер мен арнайы техника қойылды. 50-ге тарта полицей өз жұмысының ерекшеліктері жайлы әңгімелеп берді. Патрульдік көліктер, эскортты взвод, «Тигр», тікұшақтар мен басқа да мамандандырылған техника балалардың мамандыққа деген қызығушылығын арттырса керек. Оқушыларға көлікте отырып, оның ішін көріп, патрульдік көлікті басқаруға да рұқсат берілген болатын әрі олар вертолеттің жұмысынан хабардар болып, «Тигр» сауытының ішіне де кіріп көрді.

«Шараның мақсаты – полиция қызметкерлерінің жұмысын көрсету. Жұмыстың қаншалықты қиын әрі қызықты екендігін көрсетіп, оның қыр-сырын ашу. Болашақта өскелең ұрпақтың полиция қызметін таңдауы үшін де аталмыш акцияны өткізіп отырмыз, яғни оны кәсіби бағдарлау жұмысына да жатқызуға болады», — деді Астана қаласы ІІД ЖПҚ-нің ювеналды полиция бөлімінің бастығы Самал Ахмет.

Айта кетейік, көрмеден бөлек, акция барысында 5-7 сынып оқушылары үшін ҚР ІІМ-нің музейіне, Жедел басқару орталығына, әкімшілік жауапкершілікке тартылғандарды қабылдағыш сияқты Астана қаласы ІІД-нің басқа да әкімшілік ғимараттарына экскурсиялар ұйымдастырылатын болады.
Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше