Астанада Алашорда үкіметінің 100 жылдығына арналған конференция өтеді

Астана жаңалықтары: Астанада Алашорда үкіметінің 100 жылдығына арналған конференция өтеді

27 қазанда елордада «Алаш мұраты және рухани жаңғыру: сабақтастық пен жалғастық» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтеді деп хабарлайды елорда әкімдігінің медиа орталығы.

Алаш автономиясы және Алашорда үкіметінің 100 жылдығына орайластырылған шара Астана қаласының әкімдігі, Тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өтпек. Конференцияның мақсаты: Алаш автономиясының, Алашорда үкіметінің, «Алаш» партиясының идеяларын және елді тәуелсіздік мұратына ұйыстырған Алаш арыстарының мұраларын насихаттау, мемлекет тарихын көпшілікке дәріптеу, патриоттық қоғамды қалыптастыру.

Алқалы жиын барысында 1917 жылғы жалпы қоғамдық-саяси жағдай; Алашорда көсемдерінің қызметі; Алаш Ренессансы және ұлттық рухани жаңғыру тақырыптары бойынша баяндама жасалып, Елбасы алға тартқан «Рухани жаңғыру» идеясы мен Алаштың негізгі ұстанымдары арасындағы сабақтастық көрсетілетін болады.

Конференцияның жұмысына белгілі алаштанушылар, ғалымдар, қаламгерлер, депутаттар, мемлекеттік мекемелердің, саяси партиялардың, музей-кітапханалардың, үкіметтік емес ұйымдар мен жастар қоғамдық бірлестіктерінің, оқу орындары мен мектептердің және бұқаралық ақпарат құралдарының жетекшілері мен өкілдері, жас ғалымдар мен мамандар, оқытушылар мен студенттер қатысады деп күтілуде.

Астана қаласы Тілдерді дамыту басқармасының таратылған хабарламасында көрсетілгендей, конференция жұмысына азаматтар өз еркі бойынша да қатыса алады. Ол үшін ниет білдірушілер ұйымдастырушылармен байланысқа шыға отырып, конференция тақырыбына сай қазақ, орыс, түрік тілдеріндегі материалдары мен баяндамаларын (мақалаларын) 23 қазанға дейін e.ensebaev@astana.kz электрондық поштасына жолдауы керек.

Конференцияға қатысушыны тіркеу үлгісі
Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше