2018 жылы «Сарыарқа» ауданында 1200 орындық мектеп есігін ашпақ
Қазіргі таңда мектеп ғимаратына су, жылу, кәріз жүйесі сияқты инфрақұрылымдарды, электр желілерін тарту шаралары жүріп жатыр деп хабарлайды елорда әкімдігінің медиа орталығы.
Мердігерлік компания – «Asti» ЖШС құрылыс жұмыстарын ағымдағы жылдың сәуір айында бастады. Құрылыс алаңының учаске басшысы Бахтияр Зелтаев мәлімдегендей, құрылыс жұмыстары кестеге сай жүргізіліп жатыр.
«Бүгінгі күні құрылыс алаңында 120 құрылысшы жұмыс істеуде. Құрылыс жұмыстарының 50 пайызға жуығын аяқтадық. Жұмысшылар ғимараттың сыртын жабындылармен жауып, әрлеу шараларын жүргізіп жатыр. Жоспарға сәйкес, мектеп жаңа оқу жылында өз оқушылары үшін есігін айқара ашатын болады», — деді Бахтияр Зелтаев.
Сарыарқа ауданындағы Абай — Күмісбекова — Бигелдинов көшелерінің бойында бой көтеретін мектеп жобасы 3 және 4 қабатты екі ғимараттан тұрады. 1200 орындық білім ордасында акт, спорт залдары, асхана бар. Мектеп ауласы волейбол, футбол, баскетбол және ойын алаңдарымен жабдықталмақ.
Айта кетейік, мектеп құрылысының жалпы құны 1 млрд 850 млн теңгені құрайды. Бүгінге дейін аталмыш сомманың 855 млн теңгесі игерілген.
Пікір жоқ әзірше