«Астана Опера» мерейтойлық V маусымын ашады

Астана жаңалықтары: «Астана Опера» мерейтойлық V маусымын ашады

20 қазан күні хореграфиялық жауһар туынды – П. И. Чайковскийдің «Ұйқыдағы ару» балетімен «Астана Операның» V мерейтойлық театр маусымының шымылдығы түріледі, деп хабарлайды елорда әкімдігінің медиа орталығы.

Театр көрермен қауымға бірқатар жаңа опера және балет тұсаукесерлерін ұсынбақ.

«Мерейтойлық маусымды қазіргі заманның аты аңызға айналған хореографы Ю. Н. Григоровичтың қойылымындағы «Ұйқыдағы ару» балетімен ашуды жөн көрдік. Бұл мэтрдің біздің сахнамызда қойған алғашқы спектаклі болатын. Көрермен шынайы туындының жаңа редакциясын бірден жылы қабылдады, себебі музыка мен хореография керемет үйлесім тапқан еді. «Астана Опера» театрының қоржынында тыңдармандар үлкен қызығушылықпен қабылдаған көптеген қызықты қойылымдар бар. Алдағы маусымда да оларды тамаша тұсаукесерлер күтіп тұр. 17 және 18 қараша күндері Ж.Бизенің «Кармен» операсының алғашқы көрсетілімі өтеді», — деді «Астана Опера» театрының директоры Ғалым Ахмедьяров.

2018 жылдың наурыз айында ұжым жаңа редакцияда, сценография мен костюмдерде М.Төлебаевтың «Біржан-Сара» ұлттық операсының тұсаукесерін жоспарлап отыр. Сонымен қатар, мерейтойлық маусымда А.Аданның «Корсар», Т. Қажығалиевтың «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» балеттерінің, Дж. Пуччинидің «Турандот», Дж. Россинидің «Севильдік шаштараз» операларының тұсаукесерлері күтілуде.

Қазіргі таңда театрда сүйікті көрерменмен қайта қауышудың керемет атмосферасы орнаған. Дайындық залдары балет спектакліне қызу әзірленіп жатқан әртістерге лық толы. «Астана Опера» сахнасындағы «Ұйқыдағы ару» қойылымын атақты балетмейстер Юрий Григорович өзге балетмейстерлер ұсынған балалар ертегісі не болмаса ойын-сауық көрінісі ретінде емес, Чайковскийдің музыкасына сәйкес келетін рухты поэма ретінде көрсетпек. 20-22 қазан күні басты партияларда жетекші солистер мен талантты әртістер өнер көрсетеді. Нәзік Аврора рөлін Мәдина Басбаева мен Әйгерім Бекетаева ұсынса, Дезире ханзада партиясында Еркін Рахматоллаев, Таир Гатауов көрермен алдына шықпақ. Балеттің керемет музыкалық бейнесі Жақсылық пен Жамандықтың қарама-қарсылығы саналатын екі әуен – Мамыргүл Перісі (Әсел Шайкенова, Әнел Рүстемова) мен Карабос Перісі (Ильдар Шакирзянов) арасындағы шиеленістен өрбиді.
Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше