Елордада жарты жыл ішінде тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен 81 әйел көмекке жүгінді



6 ай ішінде Астанада зорлық-зомбылық немесе зорлық-зомбылық қаупі салдарынан қиын жағдайға тап болған азаматтарға арналған дағдарыс орталығының көмегіне 241 адам жүгінді. Олардың 81-і — әйелдер, 160-ы – балалар, деп хабарлайды елорда әкімдігінің медиа орталығы.

Дағдарыс орталығындағы әйелдер мен балалар күніне төрт реттік тамақтандырумен, медициналық және психологиялық көмекпен қамтамасыз етіледі. Мамандар оларға, сондай-ақ, құжаттарды рәсімдеуге, алуға жәрдемдеседі.

Тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен әйелдер орталықтың көмегіне өз қалауы бойынша да, білім беру, денсаулық сақтау, ішкі істер органдарының бағыттауы бойынша да жүгінеді.

«Жәбір көрген әйел азаматтар орталықтың көмегіне кез келген уақытта өз қалауымен де, учаскелік полицейдің бағыттауы бойынша да жүгіне алады. Мұнда тұру мерзімі 6 айды құрайды. Бәрі де әйел азаматтың қандай жағдайға тап болуына байланысты», — деп мәлімдеді әлеуметтік жұмыс маманы Айым Алпысова.

Қазіргі таңда мұнда 28 адам бар. Олардың 9-ы – әйелдер, қалғаны – балалар. Әлеуметтік жұмыскердің сөздеріне қарағанда, орталықтың көмегіне негізінен ресми түрде некеге тұрмаған және тұрақты жұмыс орны жоқ азаматшалар жүгінеді.

«Негізінен тұрмыстық жағдайдың төмендігі, қаражаттың жетіспеуі, жұбайының алкогольдік ішімдікке, азарттық ойындарға құмарлығы салдарынан отбасылық жанжалдардан кейін әйел азаматтар бізге келеді», — дейді А. Алпысова.

Дағдарыс орталығы мәлімдегендей, сіз немесе сіздердің жақындарыңыз көмекке зәру болған жағдайда тәулік бойы жұмыс істейтін мына телефон бойынша хабарласуға болады: 49-78-89.
Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше