Жыл соңына дейін Астанада 5 шағын гүл бағы мен бір саябақтың құрылысы аяқталады

Астана жаңалықтары: Жыл соңына дейін Астанада 5 шағын гүл бағы мен бір саябақтың құрылысы аяқталады

Бұл туралы елорда әкімдігінің тілшісіне берген сұхбатында Астана қаласы әкімдігі табиғи ресурстарды және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының өкілі Нұралы Елібаев мәлімдеді.

Нұралы Елібаевтың мәліметтеріне сүйенсек, 2017 жылдың соңына дейін пайдалануға берілетін шағын гүл бақтарының құрылысына 962,5 млн теңге қарастырылған.

Шағын гүл бақтары Астананың Біржан сал, Желтоқсан, Суворов, Тәуелсіздік, Қошқарбаев көшелерінің бойында жайғаспақ. Мұнымен қоса, жыл аяғына дейін Сейфуллин көшесіндегі гүл бағы қайта жөндеуден өтеді.

«2017 жылы Жалайыр көшесіндегі саябақтың құрылыс жұмыстары аяқталып, ол пайдалануға берілді. Жылдың соңына дейін 5 шағын гүл бағының құрылыс-монтаждық жұмыстары аяқталады деп жоспарланған. Жаңа демалыс орындары қалалық №1 емхананың, қалалық перинаталды орталықтың, Біржан сал, Желтоқсан, Суворов көшелерінде пайда болады. Бұл жұмыстардың аяқталу мерзімі болып, жылдың соңы белгіленді», — деді Астана қаласы әкімдігі табиғи ресурстарды және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бас маманы.

Әкімдіктің табиғи ресурстарды және табиғат пайдалануды реттеу басқармасында белгілі болғандай, биыл сондай-ақ, «Көктал» шағын ауданындағы саябақтың құрылысы бастау алған. Жоспарға сәйкес, құрылыс жұмыстары келесі жылы аяқталмақ.

«Биыл Көктал ауданында саябақтың құрылысы басталды. 2017 жылы іске асатын жұмыстарға 683 млн теңге қарастырылып отыр. Жобаның жалпы құны 3 млрд 386 млн теңгені құрайды. Саябақ 2018 жылы пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр», — деп мәлімдеді Нұралы Елібаев.

Мұнымен қоса, бас маманның мәліметінше, 2018 жылы Астана қаласындағы апатты жағдайда тұрған үйлердің орнында желекжолдар мен гүл бақтары салынатын болады. Қазіргі таңда аталмыш нысандардың құрылысына бөлінетін қаражат көлемі бюджет нақтыланғаннан кейін анықталмақ.

«Астана қаласы әкімінің тапсырмасы бойынша 2018 жылы көне апатты үйлердің орнына желекжолдар мен шағын гүл бақтарының құрылысы жоспарланады. Оның ішінде 3 желекжол, 8 гүл бағы салынады делінген. Желекжолдар Жеңіс даңғылында (ұзындығы шамамен 100-150 метр), Абай даңғылында және Кеңесары көшесінің бойында орналасатын болады», — деп түйіндеді сөзін Астана қаласы әкімдігі табиғи ресурстарды және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бас маманы Нұралы Елібаев.
Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше