Ғажайып баққа барып қайтсаңыз…
Жылдың қай мезгілінде де бақ өзінің жұмбағымен, құпиясымен, ғажайыптылығымен адамзат баласын баурап тұрады. Жақында ғана ашылғанына қарамастан, Арай саябағымен шектесетін «Қазақстан — Корея достығы» бағы астаналықтардың сүйікті демалыс орнына айналып үлгерген.
Арай және Жауқазын көшелерінің қиылысында орналасқан елорданың жаңа көрікті жерінде медиа орталықтың тілшілері де барып, бақтың көз тартарлық әсемдігіне тамсанып қайтты.
Екі ел арасындағы достықты дәріптейтін баққа келушілерді ең алдымен, «жастық қақпасы» қарсы алады. Корей халқының нанымы бойынша, екі жаққа бірдей ашылатын есіктің ортасынан өткен сайын адам бір жылға жасарады екен. Астанаға қазан айының басында тосыннан түскен ұлпа қар айналаны ақ көрпеге орап, баққа кірер жанның сол бақтың құпиясын танимын деген құштарлық сезімін ұлғайтса керек.
«Бір жылға жасарып», есіктің ортасынан өткен соң, сіздің көз алдыңызда корей халқының дәстүрлі сәулеті қанатын жаяды. Кеңістік ұлттық нақышта безендірілген есіктер, қақпалар, аркалар, дуалдар сияқты нысандармен толтырылған.
Мұнтаздай төселген кеспе тас, гүлзарлар, шыршалары мен қайыңдары бар бақ сұлулығымен көздің жауын алады. Бақта жасанды бұлақ та, кішкене су бұрқақ та бар. Үлпілдеген қардың астында жатса да бұл нысандар баққа өзіндік рең беретінін байқамау мүмкін емес.
Достық қоңырауы – бақтағы ең ерекше нысан. Таңғы леп елінде қоңыраудың соғылуы жылдың басы мен соңын білдіреді екен. Ал біздің елордалықтар достық бағындағы қоңырауды соқса, ойлаған тілегің орындалады деген сенімді қалыптастырып үлгеріпті. Біз де қоңырауды соғу рәсімінен тыс қалмадық.
«Қазақстан — Корея достығы» бағындағы серуен жақсы әсерге толы болды. Бақтағы нысандардың барлығы достық, махаббат, бейбітшілік, бақыт сияқты ұғымдарды тереңірек түсінуімізге сеп болатынына сенім мол.
Естеріңізге салайық, «Қазақстан — Корея достығы» бағы 27 қыркүйекте салтанатты түрде ашылған болатын. Оның ашылуына Корея республикасының ҚР-дағы елшісі Ким Дэсик қатысқан еді. Атап өту керек, «Қазақстан — Корея достығы бағы» жобасы Президент Нұрсұлтан Назарбаевпен Корея Республикасы Президентінің 2014 жылғы сапары кезінде келісілген әріптестік жобасы болатын.
Мәтін: Әсем МЫРХАЙДАРОВА
Фото: Адильхан ИЛЬЯСОВ
Пікір жоқ әзірше