Астанада жосықсыз үй салушылардың ісін қарастырудың жаңа алгоритмі қабылданбақ
Шешуді талап ететін үлескерлік құрылысқа қатысушылардың бұл мәселесі сәрсенбі күні Астана қаласы прокуратурасының үйлестіру кеңесінде талқыланды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің медиа орталығы.
Күн тәртібінде үлескерлік құрылыс саласында проблемалардың қалыптасуы, азаматтардың қаражатты жымқыру себептері, сондай-ақ осы санаттағы қылмыстық істерді тергеу кезіндегі мәселелерді шешу тұрды.
Отырысқа қала әкімінің бірінші орынбасары Сергей Хорошун, Астана қаласы ІІД басшысы Амантай Аубакировпен басқа да құзырлы мемлекеттік органдардың жетекшілері қатысты.
Астана қаласының прокуроры Болат Дембаевтың айтуынша, соңғы жылдары жосықсыз үй салушылар мен алаяқтардың заңсыз әрекеттерінен 13,5 мыңнан астам азамат зардап шегіп, 53 нысанның құрылысы аяқталмай қалыпты.
«Қала прокуратурасының органдарымен үлескерлік құрылыс проблемаларына ерекше көңіл бөлінеді. Аталмыш проблемалар 2006 жылдан бастау алған. Бұдан кейін «Тұрғын-үй құрылысына үлескерлікпен қатысу туралы» Заң қабылданған болатын. Десек те, заңның қабылдануы ешқандай нәтиже берген жоқ. Үй салушылар оны айналып өтсе керек. Аталмыш мәселені шешу біздің жұмысымыздың басым бағыты», — деді Болат Дембаев.
Прокуратураның деректеріне сүйенсек, қолға алынған іс-шаралардың нәтижесінде жосықсыз 31 үй салушы сотталды. Құрылыс компанияларының 12 жетекшісіне қатысты қылмыстық іс қозғалған. Болат Дембаев үлескерлердің проблемалы сұрақтарына қатысты жағдай күн сайын мониторингтен өтетінін айтты.
«Прокуратура қызметкерлері күн сайын кеңес беру және заңды көмек көрсетеді. Олардың мүддесі үшін шағымдарды түсіреміз. Бүгінге дейін 4000 азаматтың мүддесін қорғайтын 24 шағым қанағаттандырылды. Бұл нысандар сот шешімімен тұрғын үй – құрылыс кооперативтеріне берілді. Қазіргі таңда олардың бірқатары бойынша құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. 7 шағым сот қарауында», — деп атап өтті қала прокуроры.
Айта кетейік, қала прокуратурасымен проблемалы нысандардың құрылысын аяқтай алатын әлеуетті кәсіпкерлер мен инвесторларды іздестіру бойынша түрлі шаралар өткізілуде.
«Құрылысты аяқтау мақсатында инвесторларды тарту бойынша шаралар қолға алынды. Астана әкімдігімен бірлесіп екі жәрмеңке өткіздік, 18 нысанның жобасы таныстырылды. Олардың 9-на инвесторлар қызығушылық танытып отыр. Төрт нысан бойынша келісім-шарт жасалып, 5 нысан бойынша жобалық құжаттар зерттелу үстінде. Қараша айында үшінші жәрмеңке өтеді деп жоспарланды. Қазіргі таңда сот шешіміне сәйкес үлескерлерге жосықсыз үй салушылардың активтерін беру жұмыстары жүргізіліп жатыр», — деді Болат Дембаев.
Прокуратурадағылардың пікірінше, мемлекеттік және құқық қорғау органдары арасындағы қарым-қатынастың жоқтығы құрылысшылардың заңсыз әрекеттеріне қатысты уақытылы шара қолдануға мүмкіндік бермейді. Осы орайда прокуратура МСҚБ мен қылмыстық қудалау органдарының арасында қарым-қатынасты орнатудың тәртібін өзгертуді ұсынды.
Астана қаласы прокурорының орынбасары Алмат Байшұлақов уақытылы әрі тиімді шара қолдану үшін аталмыш кезеңде құқық қорғау органдарында мамандандырылған бөлімшелерін немесе үлескерлердің мәселесін шешумен айналысатын топтарды құру қажет деп есептейді.
«МСҚБ-нан басқа да мүдделі тұлғалардан түсетін ақпаратты мұқият тексеру, үлескерлерді тарту бойынша заңсыз қызметті уақытында тоқтатуға мүмкіндік береді. Бұл өте маңызды жағдай. Сараптаманы қорытындылай келе, біз үлескерлік құрылыста проблемалардың қалыптасуының негізгі себебі, баспананы мерзімінен бұрын сату болып табылады деген шешімге келдік», — деп түйіндеді Алмат Байшулаков.
Айта кетейік, прокуратураның бастамасымен тамыз айында ХҚК ғимараттарында үлескерлерді қолдау орталығы құрылған болатын. Онда мәселелер қаралып, заңды көмек көрсетіледі. Орталық жұмысын бастағаннан бері 190 азаматты қабылдады.
Елордада «қара тізімге» енген 50-ге тарта құрылыс компаниясы бар. Бұл бағытта әкімшілік жұмыстарды жалғасып жатыр. Бүгінде елорда билігі бақылауға проблемалы 53 нысанды бақылауға алды.
Пікір жоқ әзірше