Астанада мектеп тасымалының жаңа коммерциялық моделі енгізіледі
Белгіленген төлем есебінен бірқатар мектепте балалар тасымалы ұйымдастырылады. Бұл көлік желісінің жүктемесін азайтуға мүмкіндік береді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің медиа орталығы.
Қазіргі таңда жол қозғалысына әсер ететін бірқатар мектепте жаңа модельді енгізу жұмыстары жүргізілуде. Бұл туралы ОКҚ өткен брифингте жолаушылар тасымалы басқармасының жетекшісі Бекмырза Игенбердинов мәлімдеді.
«Бұл үшін ата-аналарға аптасына алты күн балаларының тасымалы үшін белгіленген соманы төлеуге дайын ба деген сұраққа жауап алу мақсатында сауалнама құрастырылды. Барлық мәліметті алған соң, біз қандай да бір тұрақты бағдарды – тұрғын үй кешендері мен мектепке дейінгі және кері бағыттағы тасымалды ұйымдастыра аламыз. Менің ойымша, бұл өте ыңғайлы. Себебі, ата-аналар ақысын төлеп баласының тасымалымен білікті жүргізуші айналысатынын, жол бастап алып жүретін жауапты адам мен валидацияның барын білетін болады. Яғни, балалар автобусқа отырғанда ата-аналар оның отырып, түскенін бақылап отырады. Сәйкесінше, ата-аналар оның қозғалысын қадағадай алады», — деді Б.Игенбердинов.
Алдағы уақытта қанатқақты жоба екі мектепте енгізіледі. Бұл үшін балаларды ЭКСПО-ға тасымалдаған автобустар пайдаланылады.
Пікір жоқ әзірше