Астана – дінаралық диалогтың орталығы
Сейсенбіде елордада Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаевтың төрағалымен өткен семинар-кеңесте экстремизим мен терроризмнің алдын алуды ұйымдастыру мәселелері ортаға салынды деп хабарлайды елорда әкімдігінің медиа орталығы.
Жиын барысында дін саласындағы мемлекеттік саясатты үйлестіру жөніндегі ведомство аралық комиссия мен ҰҚК қызметінің жауапкершілігі түсіндірілді. Отырысқа қатысушылар «Терроризмге қарсы комиссия тарапынан діни экстремизм мен терроризмнің алдын алуды ұйымдастыру», «Діни экстремизм мен терроризмнің алдын алудың рөлі мен орны», «Дәстүрлі емес діни ағымдар, олардың қоғамдық-саяси жағдайға ықпалы» мәселелерін талқылады.
Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі мәдениеттер мен діндер халықаралық орталығының жетекшісі Айдар Абуовтың айтуынша, бүгінгі таңда Астана қаласының Дін істері және азаматтық қоғам басқармасымен ауқымды шаралар жүргізілуде.
«Бүгінгі күні елімізде 18 конфессия ресми түрде тіркелген. Астанада осы конфессиялардың өкілдері әкімдіктің дін істері басқармасының ұйымдастыруымен тоқсан сайын бас қосып, өзекті мәселелерді талқылайды. Жиі ағаш отырғызу бойынша іс-шараларға, басқа да әлеуметтік шараларға қатысады. Бүгінгі таңда бұл шаралар тұрақты диалогтық алаңға айналып отыр. Жақын арада дін саласындағы ведомство аралық комиссия мен қаланың дін істері басқармасы бірлесіп спорттық жарыстарды өткіздік. Бұдан бөлек, диалогтық, конфессияаралық келісімді қамтамасыз ету бойынша, халықтың дін саласындағы сауаттылығын арттыру бойынша ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр»,- деді Айдар Абуов.
Сондай-ақ ол бүгінгі күні Дүниежүзінің Қазақстан астанасын дінаралық диалогтың орталығы деп танитындығын атап өтті.
«Елдегі діни ахуалды саралай келе, Астананың әлемге дінаралық форумдарды өткізудің орталығы ретінде танымал екендігін атап өту керек. Әлем елдері астаналарының арасында Астанадағы дінаралық форум өте танымал. Астанада дәстүрлі және әлемдік діндер көшбасшыларының 5 съезді өтті. Келесі жылы 6 съезд өтеді деп жоспарлануда. Сол себепті қаланың дін істері басқармасының алдында үлкен жауапкершілік пен ауқымды жұмыстар тұр», — деп атап өтті мәдениеттер мен діндер халықаралық орталығының жетекшісі.
Отырыс аяқталған соң Терроризмге қарсы комиссия жанынан құрылған жұмыс тобы мүшелерінің терроризмге қарсы тұру саласындағы нормативті-құқықтық актілерді білу деңгейін тексеру мақсатында тест өткізілді.
Пікір жоқ әзірше