Астанада қаланың үздік білім мекемелері марапатталды

Астана жаңалықтары: Астанада қаланың үздік білім мекемелері марапатталды

Ұстаздардың кәсіби мерекесі қарсаңында Астана қаласының әкімдігі елорданың үздік білім мекемелерін марапаттады.

Бұл күні дәстүр бойынша қала әкімінің грантымен келесі аталымдар бойынша марапаттар табысталды: «Үздік мектеп», «Үздік мектепке дейінгі мекеме», «Үздік қосымша білім беру мекемесі», «Үздік колледж», «Үздік арнайы мекеме».

№3 мектеп-гимназия — «Үздік мектеп» аталымы бойынша жеңімпаз атанды, №37 балабақша – «Үздік мектепке дейінгі мекеме», Балалар көркемдік мектебі — «Үздік қосымша білім беру мекемесі», «Гуманитарлық коледж» МКҚМ – «Үздік колледж», «№1 психологиялық-педагогикалық түзеу кабинеті» МКҚМ – «Үздік арнайы мекеме» номинациялары бойынша жүзден жүйрік шықты.

«Арман» балабақшасының меңгерушісі Разия Әбдрахманова жүлделі болғанына таңғалды.
-Жыл сайын ұстаздар үшін мерекелік концерт ұйымдастырады. Биыл біз ерекше қуанышқа бөлендік. Себебі үздіктер қатарынан көріндік. Мекемеміз 12 жыл жұмыс істеп келеді. Бұл жеңіс біздің ұйымшыл ұжымымыздың жетістігі деп білемін, — дейді ол.
Айта кетейік, үздік мекемелерге бағалы сыйлық ретінде компьютерлер, шағын блок, арнайы түзеу білім беру үшін сенсорлы үстел, интерактивті тақталар, ноутбуктар және оқу орындарына қажетті басқа да жабдықтар табысталды.

Педагогтар мерекесі аясында балаларға оқу мен білім беруде үздік жетістіктерге жеткен ұстаздарға Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі «Ы.Алтынсарин» төсбелгісімен және «Қазақстан Республикасының білім беру саласының үздігі» атақтары берілді.

Астана қаласының 19 жетекші мектебі ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Олар «Назарбаев интеллектуалдық мектептерінің» менеджментін, білім құрамын жаңарту және халықаралық стандарттарды енгізу барысында ауқымды жұмыстар атқарды.

Марапаттау салтанаты мерекелік концертпен жалғасты. Елордалық педагогтарға қазақстандық эстрада жұлдыздары, астаналық білім мекемелері мен Білм басқармасының өкілдері, оқушылардың шығармашылық ұжымдары өз өнерлерімен көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше