Латын әліпбиіне көшу - рухани жаңғырудың бастамасы

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын оқып шығып, ерекше әсер алдым. Себебі, дәл қазіргі кезде біздің қоғамға осындай батыл бастамалар ауадай қажет. Сонау азаттықтың ақ таңы атқан күннен бастап санаға салмақ түсірген, енді ғана толғағы жетіп жарыққа шыққан сөздер екені анық. Бұл ұлтымыздың рухани әлемі үшін маңызды болып табылатын осынау өзекті мәселе. Болашаққа батыл қадам жасап, елімізді төрткүл дүниеге танытып келе жатқан Елбасының тағы бір маңызды бастамаларының бірі. Сонымен қатар, дер кезінде қозғалған тіліміздің болашағы үшін жасалған ғылыми маңызды шара деп білемін. Тәуелсіз елдің негізгі белгілерінің бірі ретінде жазудың маңызы өте зор.
Латын әліпбиіне көшу, сайып келгенде, ана тіліміздің болашағын ойлап, қолданыс аясын одан әрі кеңейте түсуге мүмкіндік жасап, тіліміздің ішкі табиғи әліпбиіміз арқылы жазудың айтуға жасап келе жатқан қиянатын болдырмай, қазақы айтылым мен жазылым талаптарын жүйеге түсіру деп түсіну керек. Латын әліпбиіне көшудің тағы ұтымды жақтары- болашақ ұрпақ ақпарат көздерін терең меңгеріп, әрі шет тілдерін еркін, әрі, жетік білуіне септігін тигізері анық. Әлемдік жаһандану заманына бет бұрған, жаңашылдық пен игі бастамалардың көшін бастауға жаны құмар ұстаздар қауымы үшін бұл игі бастама құптарлық іс. Мектеп табалдырығын аттаған шәкірттеріне өз ана тілінің құдіретін латын әліпбиімен оқытып, болашаққа нақты қадам жасайтын ел ертеңі болар ұрпақ тәрбиелеуге өзім басқарып отырған мектептің ұстаздар қауымы дайын деп айта аламын. Өйткені, біздің №38 мектеп-лицейі Астана қаласы іргетасы қаланған шақта Елбасының өзі тұсауын кесіп, ақ батасын берген алғашқы қазақ мектебі. Қаншама қазақтың қаракөз балаларын білім нәрімен сусындатып, қияға қанат қақтырған киелі білім ордасы. Сондықтан еліміздің, ұлтымыздың болашағы үшін жасалатын барлық игі бастамаларды қолдап, оны жүзеге асыру жолында еңбек етуге әрқашан дайынбыз.

Астана қаласы №38 мектеп-лицей директоры Әзимбай Кәмила Кәрімбердіқызы
Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше