«Нұрлы жол» вокзалы ЭКСПО көрмесін «шығарып» салды



Елордадағы «Нұрлы жол» теміржол вокзал кешені «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне орай ашылған болатын. 9 қыркүйек күні кешке сағат 20:17 кезінде вокзал ұжымы көрмемен қоштасу салтанатын өткізді, деп хабарлайды Астана әкімдігінің медиа орталығы.

«ЭКСПО көрмесі еліміз үшін өте маңызды шараның бірі болды. Әсіресе «Нұрлы жол» теміржол вокзалы оның өтуіне тікелей атсалысты. Осыған орай теміржол вокзалының ұжымы халықаралық көрмемен қоштасу салтанатын өткізді. Ашылған күннен бастап біздің вокзал 2 млн-ға жуық жолаушыға қызмет көрсетті. Осындай кең ауқымдағы көрмені көп адамның қолдағанына қуаныштымыз», — деді «Нұрлы жол» теміржол вокзалы кешені директорының орынбасары Нұрлан Аманжолов медиа орталықтың тілшісне берген сұхбатында.

Вокзалдың 40-қа жуық қызметкері ғимараттың орталық алаңына жиналып шеру өткізді. Аталған шараға арнайы ән жаздырған. Салтанатты шараның тура сағат 20:17 кезінде басталуы да тегін емес.

«Шардан жасалған ЭКСПО-2017 көрмесінің белгісін ұстаған қызметкерлер вокзал ішін аралап, перронға түсті. Осылайша біз өзімізше көрмемен қоштастық», — деді Н.Аманжолов.

Айта кетейік, «Нұрлы жол» теміржол вокзалы көрмеге дайындық барысында арнайы ашылған болатын. Ол жылына 12 млн жолаушыға қызмет көрсете алады. Күніне 35 мың жолаушыны қабылдап-шығарып салатын мүмкіндігі бар.

«Көрмеден кейін вокзал штаттық режимде жұмыс істеп, әрі қарай дами түседі. Қызметкерлеріміздің 70 пайызға жуығы үш тілді жетік меңгерген жастар. Олар біліктілігін көтеріп, қызмет көрсету сапасын арттыратын болады», — деді ол.
Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше