Астанада "Әйелдер болашақ энергиясы үшін" халықаралық форумы өтті

Астана жаңалықтары: Астанада Әйелдер болашақ энергиясы үшін халықаралық форумы өтті

Бүгін Астанада халықаралық мамандандырылған «ЭКСПО-2017» көрмесі аясында ҚР Мемлекеттік хатшысы, ҚР Президенті жанындағы әйелдер ісі және отбасылық-демографиялық саясат бойынша ұлттық комиссияның төрайымы Гүлшара Әбдіқалықованың қатысуымен «Әйелдер болашақтың энгергиясы үшін» халықаралық форумы өтті.

Форум жұмысына әлемнің 25 елінен 300-ден астам делегат қатысты.

Шара аясында тараптар әйелдердің «жасыл» экономикада мүмкіндіктерін кеңейтуге қатысты екіжақты дамыту мүмкіндіктерін талқылады. Сонымен қатар «таза» энергетикаға көшу жағдайында тұрақты және инклюзивті даму бойынша баламалы энергетикаға қатысты бірқатар өзекті мәселелер сараланды. Әйелдердің баламалы энергетика саласында және мемлекет, бизнес-сектор және азаматтық қауымдастық негізінде «жасыл» экономикада рөлі мен инновациялық идеяларды іске асырудағы үлесі сөз болды.

Әкімнің орынбасары Малика Бектұрова елорданың экономикалық өсімінің драйвері шағын және орта бизнес болып табылатынын айтты. Оның үлесі Астана ЖӨІ –де 46% құрайды, бұл республика аймақтары арасында үздік көрсеткіш. Бұл салада экономикалық белсенді тұрғындардың 60% еңбекпен қамтылған. ШОБ саласында гендерлік ерекшелікке бөлінбесе де әйелдердің кәсіпкерлік белсенділік деңгейі жақсаруда.

-Мемлекет тарапынан тиімді бизнес –климат қалыптастырғанның арқасында кәсіпкерлік саласы елордада кең қанат жаюда.

Мәселен, осы жылдың 7 айында ШОБ-та әрекет етуші субъектілердің саны 7%-ға өсті. Олардың өндіретін өнім көлемі 55,8%-ға артты. Өнеркәсіп өндірісі 4,2%-ға көбейді, негізіне машина құрылысы мен металлургия және Индустриаландыру картасына енген жобалар (24 кәсіпорын) есебінен ұлғайды. Инвестиция 7,3%-ға өсті, оның ішінде шетелдік инвестициялар екі есеге артты. 11 мың жаңа жұмыс орны құрылды, оның 85% — ШОБ саласында. Жұмыссыздық деңгейі 4,5%-ға дейін төмендеді, — деп мәлімдеді Малика Бектұрова.

Айта кетейік, елордада кәсіпкерліктің дамуына мемлекеттік және жергілікті бағдарламалар аясында көрсетіліп жатқан қолдаулар септігін тигізуде. Оның ішінде «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасын ерекше атап өтуге болады. Оның аясында 773 жоба қолдау атуып, 5 мыңнан астам сапалы жұмыс орындары ашылды және 8 мың орын сақталды.

Экономиканың сауда, құрылыс және көлік дәстүрлі секторларымен қатар, әкімнің орынбасары экономиканы дамытудың жаңа драйверлерін дамыту бағытында жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтты. Атап айтар болсақ, экономиканың 10 секторы – құрылыс кластері, заманауи өндіріс, туризм, АХҚО, мемлекет секторы үшін қызмет, сауда және логистика, білім, денсаулық сақтау, мәдениет, креативті секторлар дамуда.

-Қазіргі таңда елдің барлық аймақтарында жоғарыда аталған бизнесті қолдау бойынша бағдарламаларды құру және қабылдау, жүзеге асыру бойынша Астананың сәтті тәжірибесі қолданылуда, – дейді Малика Бектұрова.
Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше