Астана мешіттері «Мектепке жол» акциясын қолдайды
Елорда мешіттері 300-ге жуық оқушыны жаңа оқу жылына дайындап, 3 мыңға жуық әлеуметтік ахуалы төмен отбасыға жәрдемдесуді көздеп отыр, деп хабарлайды Астана әкімдігінің медиа орталығы.
«Жыл сайын Астана қаласының мешіттері Құрбан айт мерекесі кезінде «Жетеудің бірі бол, Раббың үшін құрбан шал» атты қайырымдылық шарасын ұйымдастырамыз. Шалынған құрбан малдың етін мешіттерімізге алдын ала түскен тізім бойынша әлеуметтік аз қамтылған, ахуалы төмен отбасыларға таратамыз. Бүгінде қала мешіттерінде 2-3 мыңға жуық отбасы тіркеуде тұр», — деді медиа орталықтың тілшісіне берген сұхбатында «Нұр Астана» мешітінің наиб имамы Марат Бектазинов.
Наиб имам берген мәліметке сүйенсек, Астана қаласындағы 8 мешіттің барлығы «Мектепке жол» акциясы аясында әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың балаларына жәрдемдесуді көздеп отыр.
«Мешіттердің барлығы бірнеше жыл қатарынан «Мектепке жол» қайырымдылық акциясына қатысып келеді. Биыл да қатысуға дайын. 16 тамыздан бастап мешіттердің барлығы бекітілген тізім бойынша көп балалы, әлеуметтік ахуалы төмен, әлеуметтік аз қамтамасыз етілген, жартылай жетім және толық жетім балаларға қамқорлығы ретінде мектепке қажетті заттармен жәрдемдесетін болады», — деді ол.
«Нұр Астана» мешіті жыл сайын 200-ден аса оқушыны оқу құралдарымен қамтамасыз етіп келді. Мешіт биыл 300-ге жуық бүлдіршінді қамтуды көздеп отыр.
Пікір жоқ әзірше