Астаналық Арбатта 500-ші қолөнерші тіркелді
Бүгінде елордалық Арбатта 500 қолөнерші еңбек етуде. Қолөнершілердің соңғы легі Алматы қаласынан өздерінің бірегей туындыларымен келді.
Әкесі мен баласы: Илья және Константин елордаға жаңа туынды — глюкофон музыкалық құрылғысын алып келді. Музыкалық құрылғының ерекшелігі мен бірегейлігі – музыкалық құрылғыда ойнаудан хабары жоқ кез-келген адам қолдана алады. Музыкалық құрылғыны қалай қолданса да, әдемі әуен шығады, нақты мына тетіктерді басу керек ереже жоқ. Арбаттың негізін қалаушы әрі идея авторы Арай Ордабаева ЭКСПО көрмесі басталғаннан бері елордалық Арбаттың жұмыс нәтижесі жөнінде баяндады.
«Біздің Арбат – шығармашылықтың еркін аумағы. Арбат шығармашылыққа ден қойған адамдардың ордасы, суретшілер, қолөнершілер, қолдан түрлі бұйымдар жасайтын шеберлер, бишілер мен музыканттар мекені. Қазірдің өзінде қолөнершілердің саны 500-ге жетті, олар Қазақстанның түкпір түкпірінен ағылуда. Біз сауда саттықтың 50-ге жуық нүктесін анықтадық»,- деді Ордабаева.
Естеріңізге сала кетейік, ЭКСПО көрмесі қарсаңында Астана қаласының әкімі Әсет Исекешевтің бастамасымен Есіл өзенінің жағалауында астаналық Арбат ашылған болатын.
1 пікір