Астана қаласында «Рухани жаңғыру» бағдарламасын қарқынды жүзеге асырылуда
Елбасымыз – Нұрсұлтан Әбішұлының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы қалың жұртшылықтың ерекше ықыласына бөленіп, халықтың кең қолдауын табуда. Осы мақсатта Астана қаласында бірқатар жұмыстар атқарылуда. Мәселен, тек «Тәрбие және білім» бағыты бойынша жалпы 100-ден астам шара жоспарланған.
«Тәрбие және білім» аясындағы шаралар өз кезегінде негізгі 4 идея төңірегінде топтастырылады. Олар: «Отаным – тағдырым», «Саналы Азамат», «Өлкетану» және «Кітап – білім бұлағы». Сондай-ақ, қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру, қазақ тілінде жүз жаңа кітап шығару мәселелері де осы бағдарлама аясында іске асатын болады.
Жастар мемлекет келешегінің тұтқасы. Осы орайда, алдағы күндері «Менің Отаным – Қазақстан» атты өлкетанушылар мен туристер слеті, «Астананың дарынды балалары» фестивалі, «Тал күні» экологиялық акциясы ұйымдастырылады.
Сондай-ақ, Елордада «Қазақстанның ашық кітапханасы» жобасы іске қосылды. Қазір 10 000-нан аса туынды е-паб форматына көшірілді. «Astana — Bilimland» онлайн-жобасының қызметін пайдалану үшін елорда тұрғындары мен қонақтары интернетке қосылған ұялы гаджеттің көмегімен баннердегі қажет кітапты таңдап, QR-кодын сканерлер, қалаған кітабын оқуға мүмкіндік алады. Сондай-ақ, оқырмандар аудиокітап қосымшасын жүктеп алса, барлық кітаптар интернет жоқ жерлерде қолжетімді болады.
Кітапханада 10 000-нан аса электрондық кітап, 1500-ге жуық аудиокітап және 400-ден аса аудиоертегі бар. Кітапхана шеңберінде қазақ тілінің әмбебап сөздігі жұмыс істейді, оған 150 000-нан аса сөз бен сөз тіркесі енгізілген. Алдағы уақыттар бұл жоба Елордадағы білім беру және медицина мекемелерінде де кеңінен орналастырылады.
«Тәрбие және білім» бағыты аясындағы жобалар халықтың қолдауын тапқан маңызды шаралар болады деп сенеміз. Көпшілік тарапынан қосымша ұсыныстар мен ой-пікірлер болған жағдайда Астана қаласының әкімдігі қарастыруға дайын.
Пікір жоқ әзірше