Астанада «Денсаулығымызды бірге сақтайық» акциясы басталды

Астана жаңалықтары: Астанада «Денсаулығымызды бірге сақтайық» акциясы басталды

Бүгін Астана қ. әкімдігінің қалалық №2 ауруханасында «Денсаулығымызды бірге сақтайық» акциясы басталды. Акция емделушілер мен медициналық ұйым арасында байланысты жақсартуға бағытталған.

— Медициналық сақтандыруға көшу қарсаңында үлкен дайындық жұмысы жүргізіліп жатыр. Бірінші кезекте біз, яғни дәрігерлер тарапынан емделушілерге қызмет көрсетудің жаңа әдісін ұсынуымыз қажет, ол өз алдына қызмет көрсетудің сапасын жақсартып, қолжетімділікті арттыруы қажет. Сондықтан сақтандыру медицинасы кезінде бұл жұмыс тиімділігін арттыратын негізгі өлшемдердің бірі болуы керек, — деді Астана қ. әкімдігінің қалалық №2 ауруханасының бас дәрігері Иван Ли.

Ауруханадағы триаж жүйесі (емделушілерді іріктеу) 2,5 ай бұрын ЭКСПО көрмесі басталғанға дейін енгізілген болатын. Осы уақыт аралығында ауруханаға 250-ден астам адам қаралды, оның ішінде шетелдік азаматтар да бар. Емделушілерді қабылдаудың біріншілік жүйесі — жедел, жоспарлы және дәрігерлік көмекке өзіндік жүгіну сынды «іріктеуді» білдіреді.

Айта кетейік, аталмыш триаж жүйесі барлық әлем бойынша енгізілген және тиімді қолданыс үстінде. Көмек көрсетудің бірнеше түрі (ағыны) бар. Қызыл ағын – өміріне қауіп төніп тұрған емделушілерге жедел көмек көрсету, сары ағын – бұнда да жедел көмек көрсетілуі тиіс, дегенмен адам өміріне қауіп төніп тұрмаған жағдайлар, жасыл ағын – емделушіні қабылдау, қажетті жағдайда ауруханаға жатқызу үшін жоспарлы жолдама беру. Бұл кезекті төмендетуге көмектеседі.

— Бұл құрылымдық жүйенің ерекшелігі – кеңселік емес жүйе. Емделуші аурухананың күту залына не қаралу бөлмесіне келген соң, дәрігерлерді қоса алғанда, түрлі медициналық жабдықтар, емделушінің жанына «келеді». Емделуші көмекке жүргіну үшін дәрігерлердің кабинеттерін аралап жүрмейді. Медициналық көмекке зәру, ауырып тұрған емделуші кезекке тұрмайды, — деді бас дәрігер Иван Ли.

Ауруханада арнайы бағдарламалық қамтамасыз ету әзірленді, ол онлайн режимінде емделушіге көмек қалай көрсетіліп жатқанын көрсетеді.

Жүйенің артықшылықтары туралы айтқан дәрігердің сөзіне қарағанда, медициналық сараптау емделушілердің тарапынан түсетін шағымдардың азаюына септігін тигізген.

1 тамыздан бастап Астана қаласының барлық медициналық ұйымдарында ұйым басшыларының суреттері бар стендтерді және кері байланыс орнатуға мүмкіндік беретін ақпараттарды орналастыру жоспарлануда. Кез-келген азамат Call center, WhatsA­pp, Facebook, Instag­ram сынды әлеуметтік қосымшалардың көмегімен өз ұсыныстарын білдіріп, қажетті ақпаратты біле алады.

Аталмыш шара «Астана қаласының денсаулық сақтау басқармасы» ММ жүргізген бақылауымен медициналық қызметтердің сапасын арттыруға бағытталған.
Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше