Астана күнін мерекелеу кезінде неке тіркеу дәстүріне 10 жыл толады
Жыл сайын елорда күнін мерекелеу кезінде жас жұбайлардың салтанатты мерекелік некеге тұру шарасы биыл 10 рет өткізіледі. Осы он жыл ішінде 500-ден астам жұп шаңырақ көтерді, деп хабарлайды Астана әкімідігінің медиа орталығы.
Астана әкімдігі мен Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының ұйымдастыруымен жыл сайын өткізіліп келе жатқан шараға қатысушылардың қатары артып келеді. Биылғы мерейтойда 38 жұп некесін тіркемек. Он жыл ішінде заңды некеге тұрған жұптардан 2 мыңға жуық бала өмірге келген. Ұйымдастырушылардың мәліметінше отау тіккен ерлі-зайыптылардың ең жасы 18 жаста болса, ең ересегі 68 жаста.
«Бізде некеге тұрушы жұптардың тілектерін жазатын арнайы тілек кітабы бар. 2008 жылдан бері оған салтанатты неке тіркеу шарасына қатысқан жұптар өздерінің ақжарма тілектері мен алғыстарын жазып отыру дәстүрі де қалыптасты. Сондай-ақ жыл сайын жас жұбайларға гүл шоқтары мен естелік сыйлықтары табысталады», — деді салтанатты неке тіркеу рәсімінің жетекшісі Гүлнар Сағындықова.
Пікір жоқ әзірше