Елордада үздік түлектерді ұлықтады


Бүгін қалалық алаңда «Алтын» белгі иеленген түлектер мен халықаралық, республикалық олимпиадалар мен «Елорда мақтанышы» турнирінің жеңімпаздарына құрмет көрсету салтанаты өтті.

Шараға қала әкімі Әсет Исекешев қатысты. «Алтын белгі» иегерлеріне, ҰБТ-де ең жоғары балл жинаған оқушыларға, олимпиада жеңімпаздарына, балалар үйінің тәрбиеленушілеріне, халықаралық жарыстарда Астана намысын абыроймен қорғаған барлық түлектерге елорда әкімдігі бағалы сыйлықтар табыстады.
Әкім мектеп бітірушілерді құттықтап, үш тілде сәт сапар тіледі.

-Құрметті түлектер, ата-аналар, ұстаздар барлығымыз айтулы күнді атап өтіп жатырмыз. Елорда өзінің ең үздік түлектерін ұлықтауда. Біз олармен мақтанамыз. Мектеп қабырғасында білім алған жылдары сіздер таланттарыңызды танытып, әртүрлі олимпиадаларда, байқауларда жеңіске жеттіңіздер. Бүгін ортамызда елорда білімінің даңқын асырып, мақтанышына айналған түлектер тұр, — деді өз сөзінде әкім.

Салтанатты шарада шаһар басшысы 2016-2017 оқу жылдары Астананың 70 000 оқушысы халықаралық, республикалық деңгейдегі 65 олимпиадалар мен байқауларда бақ сынағанын, онда 34 алтын, 45 күміс медальдар жеңіп алғанын мақтанышпен айтты.

Сонымен қатар әкім Астананың, еліміздің болашағын жарқын ететін түлектерге үлкен сенім артатынын жеткізді.

-Біздің Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев айтқандай, — «әлем экономикасында үлкен өзгерістер орын алуда». Бұл қалыптасып жатқан жаңа экономикада үздік біліммен, бәсекеге қабілетті, ой-қиялы жүйріктер жеңіске жетеді. Білім мен таза ниеттеріңіздің, лайықты өмір сүруге деген талпыныстарыңыздың және Отанға адал қызмет ету арқылы көздеген жетістіктеріңізге жетесіздер, — деп қала басшысы ақ тілегін білдірді.

2016-2017 жылдары оқу жылында 4 978 бала 11 сынып бітірді, оның ішінде 213 «Алтын белгі» иегері атанды. 49 түлек халықаралық олимпиадалар мен жарыстардың жеңімпаздары және 4 түлек балалар үйінің тәрбиеленушісі.
Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше