«Еңселі елім, байтағым» атты Астана жастары рухани байқауының ережесі

Астана жаңалықтары: «Еңселі елім, байтағым» атты Астана жастары рухани байқауының ережесі

Елорда әкімдігі Тілдерді дамыту басқармасы Астана күні қарсаңында «Еңселі елім, байтағым» атты Астана жастарының рухани байқауын өткізеді. Байқауға 16-30 жас аралығындағы азаматтар, шығармашылық топтар қатыса алады. Байқауға ұсынылған материалдарды арнайы құрылған қазылар алқасы қарап, жеңімпазды анықтайды. Қазылар шешімі қайта қарауға және шағымдануға жатпайды.
Байқау номинациялары:
1. «Үздік поэзия»;
2. «Үздік блог-пост»;
3. «Үздік дизайнерлік жұмыс» (сәулет, сурет, композиция);
4. «Үздік қолөнер бұйымдары» (әшекей бұйымдар, кәдесыйлар);
5. «Үздік интернет канал» (арнайы түсірілген бейне материалдар);
6. «Үздік мақала».

Жұмыстарға қойылатын негізгі талаптар:

1. Үздік поэзия
Поэзиялық туынды бұрын еш жерде жарияланбаған болуы керек. Елорданың, туған жердің көрікті де көрнекті орындарын арқау етуі тиіс және Астананың гүлденуін халқымыздың рухани жаңғыруымен байланыстыра білуі талап етіледі. Поэзиялық туынды қандай жанрда болсын қабылданады, көлеміне шектеу жоқ.

2. Үздік блог-пост
Қатысушының әлеуметтік желілердегі белсенділігінің жоғары екендігі ескеріледі. Комиссияға тапсырылатын материал әлеуметтік желі парақшасынан скриншотқа түсіріліп жолданады. Ұсынылған жұмыста Астананың рухани-мәдени орындары, тәрбие-білім ордалары, әлеуметтік-спорттық нысандар және олардың жастарды патриоттық тәрбиелеудегі маңыздылығына мән берілуі тиіс. Қатысушы ақпаратты байытып беру, алған әсерімен бөлісу арқылы оқырманды қызықтыра білуі қажет. Жарияланған пост әлеуметтік желіде like, repost (лайк, репост) санымен бағаланады.

3. Үздік дизайнерлік жұмыс (сәулет, композиция)
Негізгі талап – Астананың көрнекті орындарының үздік безендірілуі, қала тұрғындары мен қонақтарын ерекше баурайтын, оларға жайлылық сыйлайтын идея болуы керек. Идеяны макет түрінде, арнайы бағдарламалар арқылы дайындалған сызбалар арқылы жолдауға болады.

4. Үздік қолөнер бұйымдары (әшекей бұйымдар, кәдесыйлар)
Байқауға ұлттық өрнек, халықтық қолтаңба, адамзаттық құндылықтарды паш ететін қолөнер бұйымдары мен туристерге Астананың қонақжай атмосферасын бере алатын кәдесый жұмыстары қабылданады.

5. Үздік интернет канал (арнайы түсірілген бейне материалдар)
Қазіргі технология мүмкіндігін пайдалана отырып, Астананың оң имиджін қалыптастыру, жастарды тарихи орындарға қызықтыру, елорданың спорттық-мәдени өміріне белсенді тарту мақсатында жұмыс жасайтын интернет канал болуы тиіс және каналға жазылушылардың саны, көрсетілімі (просмотр) ерекше ескеріледі.

6. Үздік мақала
Мақала Астана қаласының тарихы, дамуы, инвестициялық тартымдылығы, ұлттық идеологияның бастауында тұрған шаһар ретіндегі орны жайлы болуы керек. Мерзімді басылымда жарияланған материал (мақала) көшірмесі талап етіледі.

Аталған байқауға ұсынылатын материалдар 2017 жылғы 27 (қоса есептегенде) маусымға дейін қабылданады. Сарапшылар тобы 28-30 маусым аралығында жұмыстарды іріктеп, бағалайды және үздіктерді анықтайды. Жұмыстарды astanaTDB@mail.ru электронды мекенжайына жолдау қажет. Номинация шарттары жайлы мәліметтермен www.tildamytu.astana.kz cайты арқылы танысуға болады. Қосымша ақпараттарды +7 701 478 30 87, +7 702 704 88 98 байланыс нөмірі арқылы білуге болады.
Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше