Астаналық журналистер шағын футбол бойынша өткізілген турнирден үздік нәтижелер көрсетті

Астана жаңалықтары: Астаналық журналистер шағын футбол бойынша өткізілген турнирден үздік нәтижелер көрсетті

ҚР ақпарат және байланыс күнін тойлау қарсаңында журналистер арасында шағын футболдан жыл сайынғы турнир өткізілді.

Аталмыш шараны қала әкімдігі ұйыдастырды. Бүгін К. Мұңайтпасов атындағы алаңда шағын футбол бойынша өткен ойынға 13 команда мен бұқаралық ақпарат құралдарының 130 өкілі қатысты.

— Шағын футболдан турнир бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері арасында кәсіби қарым-қатынасты нығайту, салауатты өмір салтын насиxаттау футбол секілді спорт түріне өскелең ұрпақты баулу мақсатында өткізіледі,- деді Астана қ. Ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Қамбаров.

Өткізілген турнирдің бас төрешісі Даулет Хамзиннің айтуынша, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері жарыста мықты команда құрып, өздерінің жақсы дайындығы мен қызықты ойынын көрсетті.

— Жыл сайынғы турнир биыл 13 команда арасында өтті, жеребе салу бойынша 4 топқа бөлінді. Командалар алдымен топтық кезеңде ойнап, кейін плей-офф деңгейіне көшті. Ойын барысында БАҚ өкілдері арасынан «Хабар» телеарнасының командасы жақсы нәтиже көрсетіп, алға шықты. Сондай-ақ "Қазақ радиосының" командасы қызықты тартыста турнирдің жеңімпазы атанды. Ала допты соғуда шеберлік танытқан «Елорда Ақпарат» командасы да ерекшелене білді,-дейді Даулет Хамзин.

— Төреші болған соң, ойынның әділ өтуіне ерекше көңіл бөлуге тырыстым. БАҚ өкілдері арасында жыл сайын өткізілетін турнирге 9-шы рет төрешілік етіп отырмын. Халық пен билік арасында көпір болып жүрген журналистердің ерекше еңбегін, қызметін атап өткім келеді. Сіздер арқылы елімізде, әлемде болып жатқан оқиғаларға қанық болып, ақпар аламыз. Осы тұста сіздерді алдағы кәсіби мерекелеріңізбен құттықтай отырып, ойынды қызықты әрі тартысты өткізгендеріңіз үшін раxметімді айтамын,- деп атап өтті Хамзин.

Турнирдің қорытындысы бойынша 3-ші орынды «Хабар» телеарнасы, 2-ші орынды "Қазақ радиосы" алса, 1-ші жүлделі орынға Республикалық " Егемен Қазақстан" газеті ие болды. Оған қоса әртүрлі аталымдар бойынша бұл командалар жоғары нәтиже көрсетті.

Мәселен, команданың ең үздік қақпа қорғаушысы астаналық «Елорда Ақпарат» командасының қызметкері Қуандық Әлімжанов, «КазСпорт» арнасының намысын қорғаған Ермек Төрениязов ең үздік қорғаушы атанды. Сондай-ақ «Жеңіс» командасының ойыншысы Марғұлан Ибраев шағын футбол бойынша ең үздік ойыншы атанды.

Турнирдің жеңімпаздары атанған командалар әкімнің кубогімен, медальдармен, диплом және құнды сыйлықтармен марапатталды.

— Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің кәсіби мерекесі қарсаңында біз Астана қ. Кубогіне арнайы турнир ұйымдастырдық. Тіршіліктің қайнаған ортасында жүретін журналистердің қоғамға беретін пайдасы зор. Бүгінгі күні олардың тек өз саласында ғана емес спортта да жоғары нәтиже көрсетіп отырғанына көзіміз жетті. Астана қ. әкімдігі атынан келе жатқан кәсіби мерекелеріңізбен құттықтай отырып, шығармашылық табыс тілейміз,- деді Астана қ. әкімдігінің баспасөз-xатшысы Эльвира Жүргенбаева.
Бөлісу:

1 пікір