Астана еуразиялық қаланың прототипіне айналады ма?


Екі күн бойы елордада тәжірибе алмасқан германиялық және отандық сәулетшілер осы сауалдың жауабын іздеді. Белгілі сәулет докторы Филипп Мойзердің жетекшілігімен өткен дөңгелек үстелге екі елдің жас және тәжірибелі сәулетшілері қатысты, деп хабарлайды елорда әкімдігінің медиа орталығы.

Жиынның алғашқы күні Қазақстан мен Германияның ЖОО оқып жатқан жас сәулетшілеріне арналды. Ал екінші күні алманиялық 30-ға тарта білікті әрі белгілі сәулетші мамандар қатысты. Сәулетшілер Астананың ахуалымен, оның ішінде қала құрылысын дамытуға арналған шешімдерімен танысты. Даму динамикасына, жасыл аймақ пен инфрақұрылымына қатысты таңданыстарын жасырмады.

Ұйымдастырушылардың мәліметінше, елордада алғаш рет өткізілген ашық сұхбат алаңы алдағы уақытта жалғасын табатын болады. Жақын арада дәл осындай кездесу ағылшын сәулетшілерімен бірлесіп өткізілмек.

«Филипп Мойзер еуразиялық қаланың типологиясын жасап шығару үшін келді. Ол посткеңестік кезеңнің қалаларын зерттеп оларды бірнеше топқа жіктеді. Астана еуразиялық қалалар санатына кірді. Оның мақсаты Астанадан еуразиялық қаланың прототипін жасау және нақты еуразиялық қалаларды сипаттайтын нақты өлшемін анықтау. Бұл үлкен ғылыми еңбектің алғашқы бөлігі деп атауға болады.

Келешекте біз оның зерттеу еңбегін құрал ретінде пайдаланып, қолданыста көргіміз келеді», — деді Астана қаласы урбанистика орталығы басшысының орынбасары Асхат Садуов.
Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше